Ашу – адамның табиғи реакциясы. Ол жағымсыз жағдайларға немесе күйзеліске жауап ретінде туындайды. Бірақ егер ұзақ уақыт бойы ашуды іште жинасаңыз, ол сіздің эмоциялық және физикалық жағдайыңызға зиян келтіруі мүмкін. Алайда ашуды абайлап шығару керек. Әйтпесе, басқаларға зақым келтіруіңіз немесе өз абыройыңызға нұқсан келуі мүмкін. Ашуды өзіңізге және басқаларға зиян келтірмей қалай шығаруға болады?
Спортпен айналысыңыз
Физикалық белсенділік күйзеліспен күресуге және депрессия демуының алдын алады. Сондай-ақ физикалық белсенділікпен жеткілікті айналысатын адамдар ашуын жақсы бақылай алады. Себебі жүру, жүгіру немесе жаттығу жасау кезінде триптофан синтезі артады. Бұл аминқышқыл бақыт гормоны – серотонинді бөледі. Қандағы оның мөлшері көбейген кезде адамның көңіл күйі жақсарады, ал күйзеліс деңгейі түседі.
Орныңызды ауыстырыңыз
Егер қазір "атылатыныңызды" немесе артық нәрсе айтып қоятыныңызды сезіп тұрсаңыз, сол жерден кетуге тырысыңыз. Мысалы, серуендеп келуге, сүйікті әніңізді тыңдауға немесе өз-өзіңізбен қалуға болады. Өзіңізге және басқаға зиян келтірмес үшін сізді ашуландырған нәрседен аулақ болуға тырысуыңыз керек. Тіпті, бес минут үзіліс алудың өзі тынышталуыңызға көмектеседі.
Әзілді қолданыңыз
Ашумен күресудің тағы бір жолы – әзілді қолдану. Қорқынышты жағдайды әзілге айналдыруға тырысыңыз. Бірақ біреудің көңіліне тиюі мүмкін әзілдер мен сарказмнан аулақ болыңыз. Әзіл сезіміңізді дамыту үшін позитивті адамдармен көбірек араласыңыз.
Айқайлаңыз
Айқайлау арқылы ашуды және жағымсыз эмоцияларды шығаруға болады. Егер ашумен ұзақ жүрсеңіз, ол сізде созылмалы аурулардың, мысалы жүрек проблемасының пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Бірақ басқаларға зиян келмес үшін адамдарға емес, бостыққа айқайлау керек. Мысалы, достарыңызбен бірге тауға шығып, кең далаға айқайлаңыз немесе музыканың даусын қатты етіп қойып, бірге айқайлап өлең айтыңыз.
Хат жазыңыз
Егер ашу жаныңызды жегідей жеп жатса, өз сезімдеріңізді қағазға түсіріңіз. Мысалы, сізді ренжіткен немесе ашуландырған адамға хат жаза аласыз. Содан соң хатты жыртып тастасаңыз болады. Осылайша, жағымсыз сезімдерден арыла аласыз.