Қатерлі ісік пен Альцгеймер ауруының даму қаупін төмендететін қолжетімді өнім

Жұмыртқаны зиянды өнімге жатқызуға болмайды. Ол диеталық тамақтану өніміне жатады, себебі оның ағы да, сарысы да сау адамдар мен науқастарға пайдалы. Бұл жайлы эндокринолог Оксана Михалева айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известия"-ға сілтеме жасап.

Дәрігер жұмыртқаның сарысында жасушалар мембранасының жақсы қызмет етуіне және оларды зақымдардан қорғайтын лецитин бар екенін айтты.

Бұл зат қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, атеросклероз, онкология және нейродегенеративті аурулар (Альцгеймер, Паркинсон ауруы) сияқты аурулардың алдын алу үшін пайдалы. Сонымен қатар лецитин майдың жақсы ыдырауына ықпал етеді, сондықтан жұмыртқа артық салмағы бар адамдарға пайдалы болады.

Эндокринолог жұмыртқаның сарысы пайдалы майларға бай екенін айтты.

"Жұмыртқаның сарысында пайдалы майлар мен май қышқылдары бар. Олар ағзада жаман холестериннің пайда болуына әкелмейді. Жұмыртқаның сарысы холестеринге бай болғанымен, ол басқа пайдалы майлармен теңдестірілген және одан ағзада жаман атерогендік фракциялар түзілмейді", – деп түсіндірді Михалева.

Сонымен қатар жұмыртқада А және D дәрумендері мен бета-каротин көп.

"Бета-каротин терінің, шаштың, тырнақтың, көздің, қан тамырлардың және сүйектердің қалыпты жағдайына қажет. Сондай-ақ бета-каротин – ең күшті антиоксидант, сондықтан ол жасушаларды тамырлы атеросклероздан, қант диабетінен және онкологиялық аурулардан қорғайды", – дейді маман.

Сондай-ақ жұмыртқада холин бар. Бұл лецитинмен бірге мидың дамуы үшін өте маңызды.

"Жұмыртқа балаларға өте пайдалы, өйткені өмірдің алғашқы үш жылында орталық жүйке жүйесі қалыптасады. Бұл процесс үшін холин мен лецитиннің жеткілікті мөлшері қажет. Бұл заттар ересектердің жүйке жүйесінің жұмыс істеуі үшін де қажет және миға пайдалы", – деп толықтырды дәрігер.

Оксана Михалеваның айтуынша, дені сау адамға аптасына төрт-жеті жұмыртқа, ал холестерині жоғары адамдарға сол уақыт аралығында екі-төрт жұмыртқа жеуге болады.

Жұмыртқа ақуызындағы протеиндер адам ағзасына жақсы сіңеді. 

"Жұмыртқаны май қоспай-ақ пісірген дұрыс. Бұл қайнатылған немесе пісірілген жұмыртқа болуы мүмкін. Жұмыртқаны суда пісіру керек, ал көкөністерді қосу тағамның пайдасын және оның дәрумендік құрамын арттырады", – деп қорытындылады дәрігер.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!