- Негізгі бет
- LifeStyle
- кеңес
Кастор майы денені тазартатыны рас па?

Instagram желісінде кастор майының қасиеттері туралы айтылды. Бұл табиғи құрал токсиндер мен қалдықтарды шығаруға көмектеседі, тамырларды, лимфа мен ішкі мүшелерді тазартады екен. Жазба авторларының бірі кастор майын қолданғаннан кейін анасының есту қабілеті жақсарғанын айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Кастор майы деген не?
Кастор майы үпілмәлік өсімдігінен алынады. Бұл - рицинол, линол және олеин қышқылдары триглицеридтерінің қоспасы.
Бұл майдың тарихы терең. Ол Рим империясында, ежелгі Мысырда және Үнді мұхитының бүкіл жағалауында қолданылған. Кастор майының көмегімен жәндіктермен күресіп, шамдарға май жасаған, ал әйелдер сұлу болу үшін оны теріге жаққан. Тарихшылардың айтуынша, кастор майының отаны - Африка. Кейін май Үндістанға, содан кейін Латын Америкасына жеткен. Содан соң кастор майы Еуропа мен Ресейге таралды. Еуропалықтар онымен станоктар мен зауыттың жабдықтарын майлаған, ал Ресейде май шамдарға құйылған.
Бүгінде кастор майы дәстүрлі және халықтық медицинада, сондай-ақ, сабын, лак және бояу, майлау материалдары мен гидравликалық сұйықтықтар өндірісінде көп қолданылады.
Кастор майы шашты нығайту құралы ретінде қолданылады. Бірақ оның әсерін растайтын зерттеулер жоқ. Сондай-ақ, бұл май бірқатар майлар мен бальзамның, соның ішінде Вишневский жақпасының құрамында болады.
Оны қайда қолдануға болады?
Басылым мәліметінше, кастор майы іш қатуды емдеу үшін де қолданылады. Оның құрамындағы негізгі белсенді зат рицинол қышқылы ішектегі рецепторларға әсер етеді, бұл оның қатты жиырылуына және тез босатылуына әкеледі. Бұл іш жүруіне көмектеседі. Сондықтан кастор майын ішекті тексеретін кезде немесе операцияға дейін береді.
Кастор майы әлі де іш қатуға қарсы пайдаланылады, көп жағдайда дәрігерлер әлдеқайда қауіпсіз іш жүргізетін дәрілерді қолданғанды жөн көреді. 10 жасқа дейінгі балаларға іш қату кезінде кастор майын қолдануға болмайды.
"Чикагодағы медицина ғылымдарының докторы Катрина Маттингли кастор майы ағзадан токсиндерді ғана емес, сонымен қатар, калий мен хлорид сияқты маңызды дәрумендер мен минералдарды кетіретінін айтты. Бұл олардың тапшылығына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, кастор майын тұрақты және шамадан тыс қолдану ішектің дағдылануына әкеп соғуы мүмкін, бұл оның табиғи жұмысын қиындатады және сыртқы әсерлерге тәуелді етеді", - деп жазылған ақпаратта.
Кастор майы жағымсыз, жанама әсерлер де тудыруы мүмкін. Іш ауыруы, құрысу, жүрек айнуы және диарея. Оны қолданғаннан кейін әлсіздік болуы ықтимал. Егер кастор майын көп ішсеңіз, ағзаға су жетпейді және диарея болады.
Түйін
"Кастор майы ағзаны барлық деңгейде тазартады" деген ақпарат - миф, бұл оның іш жүргізетін әсеріне байланысты пайда болды. Шын мәнінде, ол мүшелерді, лимфаны, тамырларды тазартпайды.
"Оны үнемі қолдану ағзаның сусыздануына және маңызды дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігіне әкеледі. Интернеттегі ақпаратқа сенбеңіз, денсаулығыңызды сақтап, ауырғанда дәрігерге жүгініңіз", - деп кеңес берді сарапшылар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова