Карцинома - тері мен ішкі ағзалардың беткі қабатын қаптайтын эпителий жасушаларынан дамитын қатерлі ісік. Бұл - қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрінің бірі. Карциномаға өкпе, асқазан, ішек, сүт безі, тері және жатыр мойны обыры жатады. Бұл туралы №36 қалалық емхананың онкологы Зарина Тойлыбаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ауру қалай пайда болады?
Карциноманың пайда болуына түрлі фактор әсерінен жасушаларда мутация жүруі себеп болады. Оларға канцерогендер (темекі, алкоголь, химиялық заттар), вирус инфекциялары (әсіресе, адам папиллома вирусы), созылмалы қабыну процесі мен жарақат, сондай-ақ, тұқым қуалайтын бейімділік жатады. Зақымдалған жасушалар көбейіп, айналасындағы тінге өтіп, бүкіл ағзаға таралуы мүмкін.
Карциноманың бірнеше түрі бар:
- Аденокарцинома безді эпителийден дамиды және сүт безі, қуықасты безі, асқазан қатерлі ісігінде кездеседі.
- Жалпақ жасушалы карцинома тері мен шырышты қабықты, соның ішінде жатыр мойнын зақымдайды.
- Базальды жасушалы карцинома - баяу өсетін түрлердің бірі, көбіне егде жастағы адамдарда анықталады.
- Өтпелі жасушалы карцинома несеп қабы мен несеп жолдарында кездеседі.
Белгілері қандай?
Ауру ерте кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Ісіктің өсуіне қарай жазылмайтын жара, қан кету, ағза қызметінің бұзылуы, арықтау, әлсіздік, тез шаршау секілді белгілер байқала бастайды.
Диагностикаға ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, эндоскопиялық зерттеулер (гастроскопия, бронхоскопия), онкомаркерлерге қан талдауы және диагнозды нақтылайтын негізгі әдіс - биопсия кіреді.
"Ең жиі қолданылатын емдеу әдістері - хирургиялық ота, химиотерапия, сәулелік терапия, сонымен қатар, заманауи тәсілдер. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің сәтті болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Алдын алудың маңызы зор. Бұл - зиян әдеттерден бас тарту, АПВ-ға қарсы екпе алу, тұрақты медициналық тексерістен өту, скринингті (ПАП-тест, маммография, колоноскопия) дер кезінде жасату және салауатты өмір салтын ұстану", - деді дәрігер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова