- Негізгі бет
- LifeStyle
- Картинада енесі бейнеленген:...
Картинада енесі бейнеленген: қазақ қызы ұлыбританиялық сурет байқауында топ жарды
Әлеуметтік желіде халықаралық сурет байқауында топ жарған қазақ қызының видеосы тарады. Қазақстандық қыз байқауға 30-ға жуық елден суретші қатысқанын, ал сол туындыларының арасында оның картинасы бірінші орын алғанын айтады. Massaget.kz тілшісі ұлыбританиялық байқауда жеңіске жеткен суретші Әсемгүл Сүлейменовамен сұхбаттасты.
Қылқалам шебері биыл жазда "Golden Time Talent" байқауына өз туындысын ұсынғанын айтады. Ал кеше сол жарыста бірінші орын алғанын біліпті.
"Көк туымды әлемге желбіреткім келеді! Аллама мыңда бір шүкір! "Ана мен бала". Жазда ұлыбританиялық халықаралық "Golden Time Talent" байқауына осы суретті жібердім. Бүгін нәтижесі келді. Картинам бірінші орын алды. 30-ға жуық ел мен 190 картина "Кескіндеме" бөлімі бойынша қатысты", - деп жазды суретші.
@asem_art_kz Көк туымды әлемге желбіреткім келеді! Бүгін сондай мүмкіндік шықты! Аллама мыңда бір шүкір! “Ана мен бала” холст, масло, размер 100х80 см #қазақстан #қазақстаналға #алғақазақстан?? #сурет #конкурс #рекомендации #поддержка ♬ оригинальный звук - ???????_???????
Желі қолданушылары да оның талантына, өнеріне таңданысын жасырмаған.
Әсемгүл Сүлейменова ұсынған сурет
"Қазақстанда өкінішке орай боксерлерді құрметтейді", "Сөз жоқ, керемет картина", "Жарайсың, нағыз талант", "Жеңісің құтты болсын қызым, өте керемет көрініс, тамаша, талабыңа нұр жаусын", - деп жазды әлеуметтік желідегілер.
@asem_art_kz Ответ пользователю @Али Несипбаев ♬ оригинальный звук - SoLiBo
Әсемгүл Сүлейменова ұсынған сурет
31 жастағы суретші Әсемгүл Сүлейменова - Орал қаласының тумасы. Сол қалада көркем өнер мектебін тәмамдаған. Ал 11-сыныпты бітірген соң Астана қаласындағы "Шабыт" өнер университетіне оқуға түскен.
"Университетті бітіргеннен кейін Алматыға көшіп, тұрмысқа шықтым, ұлым бар", - дейді ол жеке өмірі туралы.
Әсемгүл Сүлейменова ұсынған сурет
Әсемгүл сурет өнерімен бала кезінен бері айналысатынын жеткізді.
"Бала кезімнен сурет саламын, анам осы талантымды байқап, өнер мектебіне берді. Кейін қабырғаларға сурет салудан, кішігірім тапсырыс қабылдаудан бастадым. Одан кейін ірі компаниялармен жұмыс істедім. BI Group, Eurasian Bank, Қазақстан қонақүйі суреттеріме тапсырыс берді", - дейді ол.
Суретші халықаралық байқау туралы әлеуметтік желіден көрген. Ал оның ұсынған суретінің өз тарихы бар екен. Онда бейнеленген әйел адам - енесі.
"Жарыс туралы әлеуметтік желіден көріп, байқап көруді ұйғардым. Бірақ орын аламын деп күтпедім. Бұл мен үшін таңғаларлық жайт болды. Жай ғана халықаралық байқауда өзімнің бағымды сынап көргім келді. Байқау Ұлыбританияда, Лондонда онлайн өтті. Сайтта 50 шақты мемлекет қатысып жатқаны жазылған. Бірақ дәл кескіндеме бойынша 30 шақты мемлекет, 190 картина қатысты", - дейді суретші.
Ал болашақта ол қазақтың көркем өнерін дамытып, халықаралық байқауларға қатысуды жоспарлайды әрі мұнымен тоқтап қалғысы келмейді.
Айта кетейік, Golden TIME TALENT - әлемдегі таланттарды дамытуға арналған ауқымды платформа. Бұл байқауды Ұлыбритания ұйымдастырады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова