Қартаюдың тосын белгісі аталды

Жанжалға бейім немесе мазасыз адамдар сізді тез қартайтып жіберуі мүмкін. Мұндай тосын деректі Нью-Йорк университетінің әлеуметтану доценті Бенкю Ли мен әлеуметтану профессоры Бреа Перри The Washington Post басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғалымдар екі мыңнан аса ересек адамның қатысуымен зерттеу жүргізген. Нәтижесінде адамның айналасында жанжалға бейім кем дегенде бір адам болса, қартаю қарқыны шамамен 1,5 пайызға артуы мүмкін екені анықталған.

Перридің айтуынша, "мұндай адамдар" қатарына үнемі жанжал шығарып, айналасындағыларға қысым жасап, өмірін қиындататын адамдар жатады. Зерттеу нәтижесі бойынша, көбіне мұндай адамдар жақын туыстар, әріптестер немесе көршілер болуы мүмкін. Өйткені олармен адам жиі араласып, эмоциялық тұрғыда байланыста болады.

Сонымен қатар, мұндай қарым-қатынастардың әйелдерге және денсаулығы әлсіз адамдарға әсері күштірек болуы ықтимал.

Ғалымдар мұндай қарым-қатынас пен қартаю арасындағы тікелей байланыс дәлелденбегенін, бірақ оған назар аудару керегін айтты. Мамандардың пікірінше, жағымсыз әсерді азайту үшін тұрақты стресс тудыратын адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеп, керісінше жаныңызға жақын адамдармен араласқан жөн.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз