“Қарбыз піскен-піспегенін тексеру үшін “кесіп бер“ деп сұрамаңыз“. Маман маңызды ескерту жасады

“Қарбыз піскен-піспегенін тексеру үшін “кесіп бер“ деп сұрамаңыз“. Маман маңызды ескерту жасады
Фото: depositphotos.com

Алматыда қарбыз бен қауын құрамындағы нитрат мөлшері анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаз басталғалы бері Алматыда қарбыз бен қауын жеп уланған бірде-бір адам тіркелмеген. Зертханадағы тексеріс кезінде де бақша өніміндегі нитрат рұқсат етілген деңгейден асып кетпегені анықталған. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен брифингте Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

Жазда мамандар қарбыз бен қауын сапасына ерекше көңіл бөледі. Бақша өнімдері жаппай сатылатын орындарда өнім үлгілері алынып, олар тексеру үшін зертханаларға жіберіледі.

Ең алдымен мамандар нитрат мөлшерін тексереді. Қажет болған жағдайда өнімдегі пестицид қалдықтары, улы элементтер, микробиология және радиология көрсеткіші де зерттеледі. Зерттеулер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен Қазақстанның санитария нормаларына сәйкес жүргізіледі.

"Биыл жүргізілген зерттеу нәтижесінде қарбыз бен қауын үлгілеріндегі нитрат рұқсат етілген деңгейден аспағаны анықталды. Сондай-ақ, қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтін өзге де көрсеткіштер тіркелмеді", - деді маман.

Мамандардың айтуынша, нитрат мөлшері жоғары екенін жемістің түсіне, иісіне, дәмі мен сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес.  Тұрғындарға қарбыз бен қауынды базардан, дүкен мен басқа да ресми сауда орындарынан сатып алу ұсынылып отыр. Сатушыларда өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуға тиіс.

Жол бойынан немесе заңсыз сауда орындарынан бақша өнімін сатып алмаған дұрыс. Мұндай өнімдер ілеспе құжаттарсыз сатылып, шаң-тозаң, көліктің зиян қалдықтарымен ластануы мүмкін.

Қарбыз немесе қауын таңдағанда оның бүтін, жарылмаған, езілмеген, шірімеген екеніне көз жеткізу керек. Кесілген жемісті сатып алу қауіпті, өйткені кесілген жері арқылы микроағзалар тез енеді.

Қарбыз бен қауынды ағын сумен мұқият жуу қажет. Кесілгеннен кейін жемісті тек тоңазытқышта сақтап, мүмкіндігінше тезірек жеген жөн.

"Қарбыз піскен-піспегенін тексеру үшін сатушыдан кесіп беруін сұрамаңыз, кесіп қойған жемісті сатып алмаңыз. Күн ыстықта кесілген жердегі микроағза жылдам көбейеді. Тіпті сапалы өнімнің өзі дұрыс тасымалданбаса, дұрыс сақталмаса, бөлме температурасында ұзақ уақыт қалса, улануға себеп болуы мүмкін", - деп ескертті Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева.

Айта кетейік, нитрат шамадан тыс көп болса, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ағзадағы нитрат нитриттерге айналып, қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді. Бұған кішкентай балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтар сезімтал келеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget