Шілденің ортасында қарбыз жеуге бола ма әлде тамызды, тіпті күзді күткен дұрыс па? Үкіметте өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов осы сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеунікке "Сарапшы ретінде пікіріңіз қандай? Қазір қарбыз жеуге бола ма әлде тамыз немесе күз мезгілін күтуге кеңес бересіз бе?" деген сұрақ қойылған.
Азат Сұлтанов Қазақстанда бақша дақылдарын өсірудің бірнеше технологиясы бар екенін айтты: жабын астында, орташа пісетін, кеш пісетін және жыл бойы өсетін сорттар. Соңғысы өзге елдерден импортталады.
"Бақша өнімдерін шілденің аяғынан қыркүйекке дейінгі аралықта жеу қауіпсіз. Бұл кезеңде олар ешқандай қоспасыз, тыңайтқышсыз және өсу стимуляторларынсыз табиғи жолмен піседі. Әсіресе, балалар әзірге жемегені абзал. Бұл - сарапшы ретіндегі жеке пікірім", - деді вице-министр.
Ол Қазақстанға сырттан әкелінетін жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері түрлі зиянкес пен ауру бар-жоқтығына фитосанитария бақылауынан өтетінін айтты.
"Сондықтан өнімдер қауіпсіз деп санаймыз. Бірақ химиялық заттардың қалдықтары азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін, бұл ретте санитария-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", - деді Азат Сұлтанов.
Бұған дейін де дәрігерлер азаматтарды ерте піскен қарбыз бен қауынды сатып алуға асықпауға шақырған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова