Күнделікті қарбаласты босатып, өмірді баяу сүру – утопия секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінде бұл жаһандық трендке айналды. Бұл үрдістің артында нақты зерттеулер мен адамзаттың шаршағаны жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұдан бес жыл бұрын ғана slow living (баяу өмір сүру) ұғымы хиппи мәдениетіне тән ұғым секілді естілетін. Бүгінде бұл – психологтар мен тіпті ірі корпорациялар қолдайтын жаһандық қозғалысқа айналды. Адамдар әлем бойынша қарбалас өмірден бас тартып, саналы, жайлы әрі ішкі үйлесімге негізделген өмір салтына бет бұруда.
Стресс шегіне жетті — ми үзіліс сұрайды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, пандемиядан кейін бүкіл әлемде мазасыздық пен депрессия деңгейі 25 пайызға артқан. Өнімділік үшін жарыс – күйзелістің тура жолы. Ал slow living философиясы бұған балама ұсынады: аз әрекет – көбірек өмір.
Жаңа буын нені таңдайды?
Жастар арасында баяу өмір сүру философиясына қызығушылық күрт артты. TikTok пен басқа желілерде #slowliving және #cosylife хэштегтерімен жарияланған видеолар миллиондаған қаралым жинап жатыр. Бұл өмір салты жалқаулық емес, керісінше, саналы таңдау.
Slow living – істерден толық бас тарту емес. Бұл өзіңе маңызды істерді таңдауға мүмкіндік беру. Күніне 20 емес, 3 маңызды тапсырма. Netflix орнына – тыныш серуен. Гарвард зерттеулері баяу өмір сүруді меңгерген адамдар күйзеліске төзімді болатынын көрсетеді.
Қалай баяулаймыз? 3 қарапайым кеңес
- Таңды телефонсыз бастаңыз. Таңғы алғашқы ойыңыз әлеуметтік желіден емес, өзіңізден шықсын.
- Рақмет күнделігін жүргізіңіз. Күніне бір ой жазу өмірді қабылдауыңызды өзгертеді.
- "Ештеңе істемеуге" 30 минут арнаңыз. Тыныштық, ой жүгірту – бұл уақытты жоғалту емес, керісінше, өзіңізге қайта оралу.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет