Қазақстандық футболшы Әлішер Келгенбай Меккеде жүрген видеосын жариялады. Алайда желі қолданушылары видеодағы адамдардың әрекетін сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлішер Келгенбай түсірген видеода қара тасты айналған адамдар Қағбаны сүю үшін бірінің үстіне бірі мініп, бір-бірін итеріп жатқанын байқауға болады.
@alisher.kelgenbay Қағбаны сүйдік😍Аллаға шүкір🤲🏻 Бәрімізге жұғысты болсын!
♬ оригинальный звук - Алишер Келгенбай✔️
"Затқа табынуға болмайды деп айтушы еді", "Мұның қасында жаңа жыл тойлаған әлдеқайда мәдениетті ғой", "Қажылыққа кім болса, сол бара беретін болған ба?", "Ең таза Қағбаны да ластап жатырсыңдар ма?", "Мұсылман адам таза әрі әдепті болуы тиіс қой", - деп жазған желі қолданушылары.
Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі видео астына "Тасты сүйсе не болады?" деген сұрақ қойған. Дінтанушы Жалғас Сәдуақасұлы қара тасты сүюге қатысты былай дейді:
"Қара тасты сүю - қажылық жасаған әрбір мұсылманның арманы. Сол үшін де әдетте кейбір кісілер қажылыққа барып келген адамдардан: "Қара тасты сүйдің бе?" деп сұрап жатады. Әуеліде қара тастың түсі Адам пайғамбарға берілген уақытта ақ еді. Қағбадағы қара тастың кейбір қасиеттерін айтар болсақ: Қара тас - жаннаттан келген тас. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: "Қара тастың түсі жаннаттан келген уақытта сүттен ақ еді, адам баласының күнәлары оны қап-қара қылды" (Тирмизи).
Қара тасты сүйген адамның күнәлары толық төгіледі. Ибн Омардан жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): "Шын мәнінде Қағбадағы қара тас пен Иемен бұрышын сипау күнәлардан толық айықтырады", - деп айтқан (Ахмад)", - деп жазған Жалғас Сәдуақасұлы.
Алайда дінтанушы қара тасты сүю үшін басқа адамдарды итеріп, әдепсіздік көрсету дұрыс емес екенін айтты.
"Қажылыққа барып, тауап жасау барысында қара тастың тұсына келгенде "қайтсем де қара тасты сүйемін" деп басқаларды күшпен итеріп, оларға зиян келтіруден сақ болу керек. Егер қатты кептеліс болса, онда басқа мүмкіндікті күткен дұрыс. Сондай-ақ "қара тас күнәні кешіреді" деп түсіну - қате пікір. Қара тасты сүю - қажылық рәміздеріне жататын сүннет амал. Күнәні кешіретін - Алла. Хазіреті Омардың бір күні қара тасты сүйіп жатып: "Білемін, сен - бар болғаны тассың. Сенің пайдаң да, зияның да жоқ. Сені пайғамбар (с.ғ.с.) сүйгені үшін сүйіп жатырмын" деп айтқаны туралы хабар бар", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!