Қантты көп жейтін адамдар қант диабетіне шалдыға ма?

№11 қалалық емханасының эндокринолог дәрігері Айжамал Есіркепова қант диабеті жайлы маңызды сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дүниежүзінің статистикасына қарайтын болсақ, Халықаралық диабеттік федерацияның 2023 жылғы мәліметі бойынша диабетке шалдыққан адамдар саны 463 миллионға жетті. Одан басқа әлі диабет диагнозы қойылмағандар да бар. Яғни оның жалпы саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ал Қазақстанда 439 327 адам қант диабетімен есепте тұр. Оның ішінде 5132-сі балалар.

Қант диабеті диагнозының атауында "қант" сөзі болғандықтан, көпшілік адам бұл ауруға қант көп жейтіндер шалдығады деп ойлайды. Алайда дәрігер бұл пікірді жоққа шығарды.

"Бұл пікір қате. Қант - глюкоза. Ал глюкоза - энергия көзі. Ол біздің қимылдауымызға, жүрек соғысымызға, мидың істеуіне - бәріне өте қажетті нәрсе. Десе де, қант мөлшерін сақтаған дұрыс", - деді Айжамал Есіркепова Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

Қант диабеті неден пайда болады?

Эндокринолог қант диабетінің пайда болуының жиі кездесетін себебі - тұқымқуалаушылық екенін айтты.

"Қант диабеті - тұқымқуалайтын аурулардың бірі. Отбасында әкесі мен шешесі қант диабетіне шалдыққан болса, онда баланың қант диабетіне шалдығу қаупі 80%-ды құрайды. Алайда отбасында ата-анасы қант диабетімен ауырса, бүкіл балалары қант диабетіне шалдығады деген сөз емес", - дейді Айжамал Есіркепова.

Маман оның басқа да себептерін атады:

  • Генетикалық бейімділік;
  • Иммунитеттің төмендеуі;
  • Зат алмасу процестерінің бұзылуы;
  • Жүрек-қан тамырлары аурулары;
  • Бүйрек үсті безі жұмысының бұзылуы;
  • Асқазан безі жұмыстарының бұзылуы;
  • Семіздік.

Қант диабетін емдемесе, қандай асқынуларға әкелуі мүмкін?

Дәрігер науқастың қант диабетіне шалдыққаны кездейсоқ анықталатынын айтты. Себебі көпшілік жүйелі түрде тексерістерден өтпейді. Ол 30 жастан асқан адамдарға жылына екі рет скринингтік тексерістерден өтуге кеңес берді.

"Қант диабетін емдемесе, жүрек ауруларына, соқырлыққа, диабеттік табан синдромы, бүйрек ауруларына әкелуі мүмкін. Ал жүрек аурулары өз кезегінде инфаркт және инсультке әкелуі мүмкін", - деді эндокринолог.

Қант диабетінің қалай алдын аламыз?

№11 қалалық емханасының эндокринолог дәрігері Айжамал Есіркепова қант диабетінің алдын алу үшін мына қарапайым ережелерді сақтауды ұсынды.

  • Дұрыс тамақтану;
  • Күнделікті физикалық жүктеме;
  • Психологиялық саулықты сақтау;
  • Жиі медициналық тексерістерден өту.

Оқи отырыңыз: Әйелдер 40 жастан кейін не нәрсеге назар аударуы керек? Дәрігер кеңесі

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!