Қызу жұмыс барысында күшіңіздің таусылғанын сезсеңіз, қандай сусын ішу керек? Бұл кофе емес. Жаңа зерттеу көк шайдың ақыл-ой қабілетіне әсер ететінін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.
Жалпы көк шай ағзаға пайдалы. Ол құрамындағы катехиндердің арқасында холестерин деңгейін түсіреді және жасушалар қартаюын баяулатады. Ал көк шайдың микробтарға қарсы әсері тіс жегіден қорғайды.
Көк шайдың түрлері көп. Оның әсіресе жапондық сұрыптары танымал. Ең танымал жапондық шай - сенча (немесе сэнтя). Қытай шайларына қарағанда сенча жапырақтары ферменттелмейді, олар қышқылданудың алдын алу үшін бумен өңделеді, содан соң олар ине пішіні секілді бұрап, ыстық ауамен кептіреді.
Жапондық шайдың ең қымбат сұрыптарының бірі - гёкуро. Сондай-ақ банча деп аталатын арзан түрі де бар. Бірақ көк шайдың қандай түрі ең пайдалы? Оны анықтау үшін ғалымдар тәжірибеге 18-30 жас аралығындағы 20 дені сау ер адамды шақырады. Әйелдерді тәжірибеге қоспады, себебі олардың етеккір циклін ескеру қажет болатын.
Алдымен ер адамдардың қазіргі күйзеліс деңгейі мен шаршаңқылық сезімін бағалау үшін оларға сауалнама толтыртқызды. Оған қоса, тәжірибе алдында олар ұйқысы қанып келуі және алкоголь ішпеуі керек болды. Кофеин және физикалық жүктемелерге де тыйым салынды.
Содан соң қатысушыларға сусын берді: алдымен қарапайым ыстық су, содан соң көк шай және қуырылған көк шай. Содан кейін арифметикалық тапсырмалар орындатқызды. Барлығы осындай төрт тест болды және әр тапсырма алдында сусын ішу керек болды.
Зерттеу екі күнге созылды. Тапсырмалар кезінде ғалымдар қосылған датчиктер көмегімен үзіліссіз ми сигналдарын, жүрек ырғағын, қысымын, тыныс алуын және басқа да физиологиялық реакцияларды бақылап отырды.
"Біздің зерттеу шай менталды арифметика бойынша тапсырмаларға дұрыс жауап беру жылдамдығын арттыра отырып, өнімділікті жақсартатынын көрсетті", - дейді ғалымдар.
Сондай-ақ ең жақсы нәтиже қуырылған көк шай ішкеннен кейін байқалған. Ғалымдардың айтуынша, көк шай құрамындағы кофеин мен теанин шаршаңқылықты басуға және тапсырмаларды орындау сапасын жақсартуға көмектеседі.