Кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке қандай жаза қолданылады? Бұл сұраққа адвокат Эльнура Кишкенебаева өзінің инстаграм парақшасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокат мұндай әрекетке 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екенін айтты.
"Егер кәмелет жасқа толмаған қыз бала "мені еркімнен тыс зорлады" деп арыз-шағым түсіретін болса, осы арыз бойынша полиция басқармасы ҚР 122-бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Яғни, аталған азаматқа 5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деді ол.
Сондай-ақ, адвокат кәмелетке толмаған қыз босанған кезде де қылмыстық іс қозғалатынын ескертті.
"Сонымен қатар менің тәжірибемде мынадай жағдай жиі кездеседі. Олар ерлі-зайыпты ретінде азаматтық некеде тұрады және де кәмелет жасқа толмаған қыз баланың ешқандай арыз-шағымы жоқ. Дегенмен ол жүктілікпен перзентханаға түскен кезде, яғни босанып болған кезде ол әлі кәмелет жасқа толмаған болса, перзентханадан 102-ге хабарлау арқылы сол жерде қылмыстық іс қозғалатынын айтқым келеді. Жәбірленуші тарап кешірім берген жағдайдың өзінде де аталған азаматқа осы бап бойынша жазасын өтеу қарастырылады", - деді Эльнура Кишкенебаева.
Оқи отырыңыз: Кредит төлей алмай жүргендердің ТОП 3 қателігі