- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Жыныстық қатынасқа ерте...
"Жыныстық қатынасқа ерте түсу". Жатыр мойны қатерлі ісігі неліктен пайда болады?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қатерлі ісік әлемде және Қазақстанда өлім-жітім саны бойынша жүрек-қан тамырлар ауруларынан кейін екінші орында тұр. Қазақстандағы әйелдер арасындағы ең көп тараған қатерлі ісік түрлерінің бірі - жатыр мойны қатерлі ісігі. Massaget.kz жатыр мойны қатерлі ісігінің белгілері мен оның алдын алу жолдарын ұсынады.
Әдетте, жатыр мойны қатерлі ісігі 40-60 жастағы әйелдерде пайда болады, бірақ соңғы кездері бұл көрсеткіш "жасарып" келеді.
Жатыр мойны обыры неліктен пайда болады?
Жатыр мойны қатерлі ісігі пайда болуының негізгі себептері:
- папилломовирусты жұқпа;
- жыныс герпесін, АИТВ, цитомегаловирус, хламидиоз жұқтыру;
- жыныстық өмірді ерте бастау (16 жасқа дейін);
- ерте жаста бала көтеру;
- ұзақ уақыт бойы және көп темекі шегу;
- иммунитеттің түсіп кетуі;
- жатыр мойны аурулары ;
- ағзаға радиацияның және химиялық уыттардың әсері;
- ерте түсік жасату;
- орган жарақаттары.
Негізгі қауіпті вирустар төндіреді: олар сау жасушалардың қатерліге айналуын ынталандырады. Ауру кезінде қатерлі жасушалар лимфамен жақында орналасқан лимфа түйіндеріне барады, солайша метастаз түзеді.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің белгілері
Аурудың дамуына және таралуына қарамастан, жатыр мойны қатерлі ісігінің белгілері бұл стадияда мүлдем жоқ болуы мүмкін немесе айқын көрінбеуі мүмкін. Десе де, мына белгілерді байқаған бойда дәрігерге көріну керек:
- түрлі бөліністер, қан ағу (етеккір емес);
- іш астының ауыруы;
- зәр шығару кезінде ауырсыну;
- жамбас тұсынан ауырлық сезіну;
- жыныстық қатынас кезінде ауыру;
- аяқ-қолдың, сыртқы жыныстық органдардың ісінуі;
- ішектер және қуық жұмысының бұзылуы;
- бір жақ аяқтың ісінуі.
Сондай-ақ жатыр мойны қатерлі ісігі кезінде салмақ тастау, жалпы әлсіздік, нашар тәбет, жоғары температура, бас айналу секілді жалпы белгілер де байқалуы мүмкін.
Жатыр мойны қатерлі ісігін қалай анықтайды?
Ең алдымен гинеколог дәрігердің тексерісінен өту керек. Гинеколог нақты диагноз қою үшін науқасты жан-жақты тексерістен өткізеді:
- Цитологиялық скрининг - жатыр мойнынан алынған жұғындыны тексеру;
- Кольпоскопия - оптикалық құрылғы арқылы жыныс органдарын тексеру;
- Бактериоскопиялық тексеріс - жұғындыны жұқпаға тексерудің лабораториялық әдісі;
- Жатыр мойнына көздемелі биопсия - тіндер үлгісіне атипиялық жасушаларды анықтау анализі;
- Кеуде, іш және жамбасты компьютерлік томографияға түсіру.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің стадиялары
Онкологтар диагнозды ісіктің мөлшеріне және оның бүкіл денеде таралу дәрежесіне қарай қояды.
Қатерлі ісіктің стадия бойынша даму кезеңдері:
1-кезең: ісік жатыр мойнымен шектелген;
2-кезең: жаңа түзіліс жатырдың сыртына шыққан, бірақ жамбас қабырғасына немесе қынаптың төменгі үштен біріне таралмаған;
3-кезең: ісік жамбас қабырғасына таралған және/немесе қынаптың төменгі үштен біріне әсер етеді, гидронефрозды тудырады (бүйрек тамшысы);
4-кезең: жаңа түзіліс жамбастың сыртына шыққан және қуықтың немесе тік ішектің шырышты қабығына әсер етеді.
Жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алу жолдары
- Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін мына кеңестерге мән беріңіз:
- Жыныстық қатынасқа ерте түспеу;
- Жыныстық серіктерді жиі ауыстырмау;
- Жыныстық жолмен берілетін жұқпалардың алдын алу үшін қорғану құралдарын пайдалану;
- Папиллома вирусына қарсы вакцина алу;
- Гинекологқа 6 айда бір рет қаралып тұру.
Сүт безі қатерлі ісігін бастапқы стадияда қалай анықтауға болады? Мына жерден оқыңыз.
А. Жапатова