Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы неғұрлым көп білсеңіз, өзіңізді де, жақындарыңызды да қорғай аласыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ЖЖБИ деген не?
Бұл - қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде немесе қан арқылы, анадан балаға жұғатын инфекциялар. Олардың қатарына АИТВ, мерез, хламидиоз, адам папилломасы вирусы, В гепатиті, герпес және басқалары жатады.
Олар қаншалық қауіпті?
ЖЖБИ-дың ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілері білінбейді. Бірақ салдары өте ауыр болуы мүмкін:
- бедеулік, белсіздік;
- созылмалы қабынулар;
- жүктілік кезіндегі асқынулар;
- онкологиялық аурулар (мысалы жатыр мойны обыры);
- АИТВ берілуі.
Мына симптомдар пайда болса, сақ болған жөн:
- несеп шығарғанда ашу, қышу, ауырсыну;
- жыныс мүшелерінде жара, бөртпе, т.с.с.
"Егер осындай белгілердің бірін байқаған болсаңыз, міндетті түрде және мүмкіндігінше тезірек дәрігерге (гинекологқа, урологқа, дерматовенерологқа) жүгініңіз", - деп ескертті мамандар.
Қалай қорғануға болады?
- тұрақты түрде тексерістен өтіп тұрыңыз;
- бөгде ине, шприц, жеке гигиена заттарын пайдаланбаңыз;
- В гепатиті мен АПВ-ға қарсы екпе алыңыз.
"Егер диагноз расталса, міндетті түрде емделу қажет. Емді екі адам да қабылдауға тиіс. Емді үзуге болмайды. Емделген соң міндетті түрде қайтадан тексерілу қажет. Жасөспірімдер мен жастар - осал топ. Көбіне олар қайда жүгінерін, кімге сенетінін білмейді. Мұндай жағдайларда емханалар жанынан ашылған Жастар денсаулығы орталықтарына баруға болады. Мұнда құпия сақтала отырып, тегін консультация алуға болады", - деді ДСМ өкілдері қазақстандықтарға.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова