“Жындарға сенемін“. Ақан Сатаевтың адамсенгісіз жайтқа тап болғаны рас па?

Қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаев хоррор жанрындағы алғашқы фильмін жарыққа шығарды. Режиссердің бұл шешіміне не түрткі болды? Ол шын өмірде тылсым дүниелерге сене ме? Massaget.kz тілшісі Ақан Сатаевтың тұңғыш хоррор фильмінің тұсаукесерінде аталмыш сұрақтарға жауап алды. 

"Әнел" vs "Аннабель"

Ақан Сатаевтың жаңа жанрда бақ сынаған фильмі "Әнел" деп аталады. Бір отбасының құпиясы жайлы сыр шертетін кинотуындының сценарийі екі жыл бұрын жазылған екен. Режиссер фильмнің атауы неліктен "Әнел" аталғанын түсіндіріп берді. 

"Кинодағы кейіпкерлердің есімдерін ұжымдасып отырып шешкен едік. Негізі фильмнің сценарийі осыдан екі жыл бұрын жазылып басталған еді. Кейіпкерлердің есімін ерекше есте қалатындай қазақтың әдемі есімдерімен қойдық. Әнел, Зейнеп, Мәди, Лаура сынды есімдер тілге жеңіл және тез есте қалады. Сол себепті бұл жағынан ұтымды шығуына аса мән бердік. Аннабель деген сияқты шет елдік ағындағы кинофильмдердің жетегіне еру тіпті ойда болмады", - деп жауап берді режиссер. 

 

"Дәстүрден" кейін қалыптасқан дәстүр ме?

Ақан Сатаев хоррор жанрын түсірместен бұрын көрерменнің қабылдауына қатысты уайымы болғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін халық жақсы қабылдаған "Дәстүр" фильмінен кейін бұл жанр қазақстандықтар үшін үйреншікті бағыттардың қатарына қосылып келеді. 

"Комедияға үйреніп қалған халық үшін жаңа жанр таңсық дүние деуге келмейді. Әрине, уайым болды. Десе де, мақсат касса жинау емес. Көрерменге берері бар дүние ұсыну болды. "Дәстүр" фильмінен кейін халық үйреніп те қалған сияқты. Алайда біз бұл сценарийді, жалпы хоррор жанрын түсіруді екі жыл бұрын қолға алдық", - деп жауап берді ол. 

"Тылсым күштің барына сенемін" 

Режиссер өзі тылсым күштердің барына сене ме? Кинода тылсым күштерді бейнелеуіне не себеп болды? Өмірде осындай жайттарды бастан кешкен бе?

"Жындарға, тылсым күштердің барына сенемін. Олар, әрине, бар. Алайда Құдай сақтасын, мұндай жағдайларды көзбен көрген емеспін. Өмірде кесе-көлденең жолыққан да емеспін. Діни әдебиеттерде тылсым нәрселер туралы көп жазылған", - дейді Сатаев. 

Ақан Қарғамбайұлы Сатаев - қазақстандық танымал режиссер, продюсер, сценарист және актер. Ақан Сатаевтың алғашқы ірі жұмысы - "Рэкетир" (2007) фильмі. Ол Қазақстандағы алғашқы кассалық фильмдердің бірі болды және 1,15 млн доллар табыс әкелді​. Кейін ол "Жаужүрек мың бала" (2012), "Томирис" (2019), "Анаға апарар жол" (2016) сияқты тарихи және драмалық фильмдерді түсірді. Оның шығармашылығы қазақстандық көрермендер мен шетелдік кинофестивальдердің назарына ілікті​. 2013 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді. 2019 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен "Құрмет" орденімен марапатталды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!