Жылқы еті харам ба? ҚМДБ түсіндіріп берді

Желіде зерттеуші, Париждегі Жоғары зерттеулер практикалық мектебінің докторанты Агат Гидің жылқы етіне қатысты айтқан сөзі тарады. Бұл қазақстандық желі қолданушылары арасында наразылық тудырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеоның астына Агат Ги Қазақстандағы халал индустриясын зерттеумен айналысатынын жазған. Ол жылқы еті жайлы сөз қозғайды.

"Жылқының еті харам емес. Бірақ жылқы еті - макрух болып саналады. Яғни тұтынбаған жөн. Макрух  түсінігінде халалға жақыны да, харамға жақыны да бар. Әбу Ханифа мазһабы бойынша бұл макрух харамға жатады. Дубайда да солай саналады. Бірақ Қазақстанда Әбу Юсуфтың ойын көбірек ұстанады. Ол бойынша жылқы еті халалға жақын макрух", - деді ол.

Желі қолданушылары зерттеушінің бұл ойына жаппай қарсы шықты.

ҚМДБ бұл видеоға қатысты жылқы еті мен сүті туралы үкімді ұсынды.

"Жылқының етін жеуге болмайды дейтін тарап, оны тахрими (харамға жақын) макрух деп біледі. Себебі олар жылқы жорық және соғыс үшін қажетті құрал, негізгі күш ретінде қолданылады деп есептейді. Алла Тағала Құранда: "Сендер де шамаларың келгенше (дұшпандарға қарсы) әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер" деген.

Сондай-ақ жылқының жүк тасымалы және шаруашылық үшін қажетті екені ескеріледі. Тіпті оны сәнге әрі мақтанышқа ұстауға болатындығы айтылады.

Бұл аяттардан жылқыны жеуге болмайды деген мағына шықпайды, бәлкім, оны жеумен қатар міну, жүк тасу секілді басқа да мақсаттарға, қажеттіліктерге қолдануға болатындығын ұғынамыз. Өйткені бір істің көбін пайдалану жағын айту, оның басқа тұстарын қолданбайтынын білдірмейді", - делінген үкімде.

Шариғат бойынша жылқының еті де, сүті (қымыз) де адал ас болып есептеледі.

"Сонымен қатар өзге үй жануарлары секілді жылқының сілекейі де шариғатта таза саналады. Ал сілекейдің үкімі жануардың етіне байланысты беріледі. Сондықтан жылқы етіне "тахрими макрух" деп үкім берілуі еттің нәжіс болғаны үшін емес, басқа мақсаттарда (міну, тасымалдау т.б.) пайдасы басым болғаны үшін деп түсіндіріледі. 

Шариғат кітаптарында Әбу Ханифаның "жылқы етін жеу тахрими макрух" деп айтқандығының себебі де осыдан. Бұл - оның жылқы еті жайында ең әуелгі айтқан пәтуасы. Бірақ өліміне үш күн қалғанда ол пікірін өзгерткен, яғни жылқы етін тәнзиһи (халалға жақын) макрух деген сөзге тоқтаған делінеді.

Имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед, сондай-ақ шафиғи мен ханбали мазһабтарының өкілдері жылқы етін жеуге толық рұқсат етеді. Шариғат бойынша жылқының еті де, сүті (қымыз) де адал ас болып есептеледі", - деді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!