Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері әлеуметтік желіде "Балқаш маңында жабайы табиғатқа жіберілген Амур жолбарысы көзге түсті" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство жарияланған сурет шындыққа жанаспайтынын және оның жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Әлеуметтік желіде "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында табиғатқа жіберілген жолбарыс суретке түсіп қалды" деген ақпарат пен сурет тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілдері.
Министрлік жабайы табиғатқа жіберілген жолбарысқа заманауи GPS қарғыбау тағылғанын, соның арқасында мамандар жануар қайда жүргенін үнемі біліп отыратынын еске салды.
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының мамандары оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы үздіксіз бақылауда ұстайды. Сондықтан жануар "кездейсоқ суретке түсіп қалғаны" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді ведомство өкілдері.
Қарғыбаудан бөлек, жануарды бақылау үшін фототұзақтар мен басқа да мониторинг құралдары қолданылады. Мамандар жолбарыстың қозғалысын, жаңа аумақты қалай игеріп, табиғи ортадағы өмірге қалай бейімделіп жатқанын бақылауда ұстап отыр.
Еске салайық, бұған дейін 70 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!