- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жұрт алдында сөйлеуден...
Жұрт алдында сөйлеуден сескенесіз бе? Маман кеңесі
Белгілі кәсіпкер Ричард Брэнсон қалайша сөз шеберіне айналған? Сөйлеу шеберлігінің шыңына жету жолында Брэнсон ұлы адамдардың өмірбаяндарын зерттеп, олардың тәжірибесінен алынған құпияларды ұстанады екен. Ел алдында сөйлеу қағидаларын сіз де біле жүріңіз.
«Мен үнемі ел алдында сөйлеуден сескенетінмін. Қазір кәсіпкер болған соң, оған етім үйреніп кетті.
Өзімнің ең алғаш сөз сөйлегенім есімде. Ол кезде студент едім. Сайыста бірнеше адам шығып, алдын ала дайындалған мәтінді айтып беруі керек болған. Егер кімде кім сөзден жаңылып қалса, бірден жарыстан шеттетілетін. Сол күні қобалжығаным есіме түссе әлі күнге дейін қара терге түсемін.
Қорқыныш қаншалықты мықты болғанымен, жетістікке жеткісі келетін адам қолына микрофонды жиі алуға мәжбүр болады. Сондықтан, шешендік қасиет ізденушілік пен тәжірибенің нәтижесінде ғана келеді.
Мен үшін «Таза су шеңбері» кітабының авторы Гэвин Максвэллдің берген кеңесі аса құнды болды. Ол айтқан техниканы меңгеру үшін біраз тер төгу керек, бірақ міндетті түрде әсері болады.
Гэвин Максвэллдің амалы мынадай: қалың жұртшылық алдында сөйлеу керек болған жағдайда сіз өзіңіздің сахнада екендігіңізді мүлдем ұмытуға тырысыңыз. Сізге ғана тесіле қараған көздерді елемеудің амалын жасаңыз. Айтқан сөзіңізді өз үйіңізде достарыңызға әңгіме айтып отырмын деген оймен еркін әрі сенімді жеткізіңіз.
Бұл кеңесті көп жерден естіген болуыңыз мүмкін, алайда оны тиімсіз деп есептеуге асықпаңыз. Уақыт өте келе қорқынышыңызды басу үшін осыдан мықты әдіс жоқ екеніне көзіңіз жетеді.
Мен Уинстон Черчилльдің ораторлық қабілетіне шын табынушы адамдар қатарынанмын. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі өзінің күнделіктерінде ел алдында сөз сөйлеу туралы ақпараттар жазып қалдырған. Ол үнемі актерлер секілді өз сөзін сөйлеуге тиянақты жаттығып жүретін болған. Қайта-қайта жаттап, жаттыға беру арқылы ол зор жетістікке қол жеткізді.
Черчилль бір сөзінде: «Ел алдында сөз сөйлеу тым ұзаққа созылмауы керек». Осы кеңесті естен шығармаңыз. Премьер-министрдің өзі 25 минуттан артық сөйлемейтін.
Белгілі жазушы Марк Твен де мықты шешендердің бірі болған. Ол көптеген адамдардың ел алдында сөйлейтін сөзді алдын ала дайындамай, сол жерде бірдеңе құрастыра саламын деген ұстанымын сынайтын еді. Себебі, өзі айтатын сөзін, әдетте, алдын ала жазып, жаттап алатын болған.
Бір шындықты біліңіз. Ел алдында сөйлеуде қобалжымайтын адам болмайды. Ең тәжірибелі дегендердің өзінде мазасыздық пайда болады. Керісінше, ол жақсы ораторға тән қасиет».
А. Оралқызы