Көлік жүргізуді енді үйрене бастаған жандар әдетте түрлі қиындықтарға тап болады. Темір тұлпарды басқарған кезде өзіңізге деген сенімділікті арттыру көлігіңізге тікелей байланысты. Шыны жуғыш сұйықтықты қайдан құюды, қосалқы дөңгелекті орнатуды көп жүргізуші білмейді. Сондықтан кез келген жүргізуші көлікке қатысты базалық дүниелерді білуі тиіс. Көлікте өзін еркін ұстауы жүргізушінің өзінің және жолаушылардың өміріне әсер етеді. Massaget.kz тілшісі жүргізуші куәлігін алғаннан кейін білу керек кеңестерге тоқталды.
Көлік жүргізу құқығын алған әрбір жүргізуші көлікке қатысты өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Үнемі темір тұлпардың тізгінінде отырып тәжірибелі жүргізушіге айналу өз қолыңызда. Ал кәсіби жүргізуші болу үшін әркімге әртүрлі уақыт керек. Ол адамдардың көлікті басқаруға деген икеміне қарай қалыптасады.
Көлігіңіздің негізгі компоненттерін біліңіз
Сіз өз көлігіңізді мүмкіндігінше тезірек зерттеп, оның негізгі компоненттері қалай жұмыс істейтінін түсінуіңіз керек. Бақылау тақтасындағы машинадағы негізгі белгілерді және ондағы әр батырманың не нәрсеге жауап беретінін білу маңызды. Әсіресе, жұмыс кезінде машинаның бақылау тақтасында пайда болуы мүмкін ескерту белгілерін мұқият зерделеу қажет. Сонымен қатар машинаның капот астындағы кеңістігін зерттеуіңіз керек. Тым құрығанда машинадағы май деңгейін тексеруді және терезеге шашатын судың ыдысын антифриздікімен шатастырмау басты дүние.
Көлігіңіздің қалай жұмыс істейтінін зерттеңіз
Барлық моторлы көліктер ортақ белгілі бір принциптерге сүйене отырып жұмыс істейді. Сондықтан, автомобильдің әртүрлі жүйелерінің негізгі принциптерін түсіну үшін көлік құралының жұмысының жалпы принциптерін үйренуге кеңес береміз. Ол үшін интернеттен арнайы бейнежазбаларды қарасаңыз болады. Автокөліктің жұмыс істеу принципін түсіну сізге көлікті иеленуге сенімділік беріп қана қоймай, оны тікелей түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер сіз көлікті қалай жөндеуді білмесеңіз "клиенттерді ақшаға айналдыруды" ұнататын механиктерге алданып қалуыңыз ықтимал.
Көліктегі қарапайым заттарды өз қолыңызбен жасауды үйреніңіз
Қолыңызға кілт алып қара майға салынудың қажеті жоқ. Тек темір тұлпар механизімінің үстірткі принціпін түсіну керек. Бұл болашақта автомобильдің әртүрлі компоненттерінің жұмысындағы бөгде шу мен ақауларды уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені ұсақ сынуды уақтылы анықтау сіздің машинаңызда үлкен бұзылулардың пайда болуына жол бермейді. Механиктің алдында мыңқылдамай көліктің қай жері бұзылғанын тез түсіндіре аласыз. Қосалқы дөңгелекті ауыстыруды, матордың майын қарауды өзіңіз жасаңыз.
Ешқашан мас күйде көлік жүргізбеңіз
Есірткі мен алкоголь адамды ақыл есінен айыруы мүмкін. Бірақ ащы суға сылқия тойып алып көлік жүргізуге болмайды. Аяғы апатқа алып келуі мүмкін. Мас күйінде көлік жүргізу дәрігер рұқсат етпеген дәрі-дәрмекті ішу, жүктілік кезінде темекі шегумен пара-пар.
Көлік жүргізген кезде өзге дүниеге алаңдамаңыз
Сондықтан достар, көлікпен жүргенде мүмкіндігінше жолдан басқа нәрсеге алаңдамауға тырысыңыз және өз көзқарасыңызды сізге қажет емес заттарға аударудан аулақ болыңыз. Сіздің назарыңыз ең алдымен, алдыңызда және айналаңызда болуы шарт. Сондай-ақ бүйірлік көруді қамтамасыз ететін 2 айнаны қарауды үйрену керек. Сонымен қатар, жолдың максималды көрінісі үшін әрдайым дұрыс реттелуі керек артқы көрініс айналары туралы естен шығармаңыз. Олардың арқасында сіз кеңістікті және көлігіңіздің айналасындағы жолда болып жатқан барлық нәрсені бақылауда ұстай аласыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!