- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жұлдызай Дүйсенбиева жайлы
Жұлдызай Дүйсенбиева “Шаншар“ жайлы шындықты айтып, жылап қалды
Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Шаншар" театрының 30 жылдығында сұхбат беріп, өткен естеліктер жайлы сыр шертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол "1001 түн" бағдарламасында баяндады.
Жұлдызайды сағынған сахна мен көрермен
Актриса "Шаншар" театрының мерейтойында сахнаға қайта оралып, көрермен қошеметіне риза болғанын жеткізіп, көз жасына ерік берді.
"Шымкент қаласында өткен "Шаншар" театрының концертінде халықтың ыстық ықыласы, қошеметі жайлы сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сондай риза болдым. Осы уақытқа дейінгі еңбегімнің еш кетпегенін түсіндім. Ішімдегі толқынысты, көрерменге деген сағынышымды айтып жеткізе алмаймын. Халыққа басымды иемін. Әрқайсын құшақтағым келеді", - деді ол бағдарламада берген сұхбатында.
"Уәкең екеуміз жылай бердік"
Сондай-ақ ол "Шаншар" театрының сахнаға қалай шақырғаны жайлы айтып берді.
"Шаншар театрының сахнасына 15 жылдан кейін қайта келдім. 30 жылдық гастрольге деп өздері хабарласып, шақырту жасады. Қаламақысына да қарамадым, бірден келістім. 15 жыл бұрын үлкен ренішпен кеткен едік. Арамызда қанша әңгіме болды. Бірақ халықтың осындай ықыласының жанында мұның бәрі ештеңеге тұрмайды екен. 15 жыл уақытымыз өтіп кетті. Ешкімнің ештеңесі кетпеді. Тек адамның ішінде сағыныш қалады екен. Біз сол сағынышты неге қинаймыз? Ол үлкен, мен кішімін деп таңдайтын дүние емес екен. Үш күннен бері Уәкең екеуміз бір-бірімізге қарасақ, жылай береміз. Шын мәнінде жақсы көретінімді, өкпесіз, ренішсіз өмір сүруге болатынын түсіндім", - деді ол.
"Шаншар" театры жайлы ыстық естелік
Жұлдызай Дүйсенбиева "Шаншар" театры дегенде бірден не еске түсетіні жайлы бөлісті. Ол Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора жайлы ыстық естелікті бөлісті.
"Уәкең біздің әкеміз, ал Жүке - мұртты мамамыз сияқты. Жүкеңе көп еркелейміз. Уәкеңді әкеміздей көреміз. Мен үшін ең бір қызық естелігім бар. Уәкеңнің Дина деген балдызы бар. Екеуміз бірге пәтер жалдап тұрамыз. Солайша мен Динаға тотықұс сыйладым. Бір күні мен Кентауға кететін болып, жолға шықтым. Уәкең жолдасы екеуі Арысқа кетті. Үйде Дина қалған. Содан ол қыз Уәкеңе звандап, "Жұлдызай...өлді" деп жылап жіберіпті. Уәкең абдырап, түсінбей Арысқа кетіп бара жатқан жолдан кері қайтқан. "Не болды" деп жетіп барса, мен сыйлаған тотықұс өліп қалған екен. Дина қорыққаннан "Жұлдызай сыйлаған тотықұс өлді" дегісі келіп, толық айта алмай қалған ғой. Сөйтіп Уәкең маған бірдеңе болды деп шошып кетіп, жетіп келген екен", - деп бөлісті актриса.
Жұлдызай Дүйсенбиева - қазақстандық актриса және әзілкеш, көрермендерге өзінің ерекше талантымен және шынайы талантымен танымал. Ол өнер жолын театр сахнасында бастап, кейіннен "Шаншар" және "Алдараспан" сатиралық театрларында өнер көрсетті. Оның ерекше таланты мен шеберлігі көрермендердің жүрегін жаулап алды. 2014 жылы 33 жасында тұрмысқа шыққан Жұлдызайдың Аянат есімді қызы бар. Ол отбасылық өмірі туралы ашық айтып, өзінің өмірлік тәжірибесін жиі бөлісіп отырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Литпин