Жіптен өрілген өнер: Алматыда Бәтима Зәуірбекованың туындылары көрсетіледі

Жіптен өрілген өнер: Алматыда Бәтима Зәуірбекованың туындылары көрсетіледі
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі

Бәтима Зәуірбекова қазақстандық гобелен өнері мектебінің негізін қалаушылардың бірі болды және жарты ғасырдан аса уақыт бойы дәстүрлі ою-өрнек, дала бейнелері мен ұлттық мәдениет заманауи сипат алған өнер саласында еңбек етті. Биыл суретшінің дүниеге келгеніне 80 жыл толады.

Мерейтойға орай Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінде оның 80-нен аса туындысы - музей қоры мен отбасылық архивтен алынған гобелендер, кескіндеме және графикалық жұмыстары жинақталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда гобелен өнері мектебі қалай пайда болды?

Гобелен - арнайы станокта жіптердің көмегімен тоқылатын бейнелі кілем, көркем сурет. Қазақстанда бұл бағыт XX ғасырдың екінші жартысында белсенді дами бастады.

Жергілікті суретшілер кілем тоқу дәстүрлерін, киіз басу өнері мен халық шығармашылығының өзге де түрлерін заманауи өнер тәсілдерімен ұштастыра отырып, қайта жаңғыртты.

Осылайша, ұлттық мотивтерді, дәстүрлі ою-өрнекті және жаңа көркемдік тілді біріктірген қазақстандық гобелен мектебі бірте-бірте қалыптасты.

Осы бағыттың негізгі тұлғаларының бірі Бәтима Зәуірбекова болды.

Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның 50 жылдан аса шығармашылық жолы қазақ гобелен өнері дамуымен тығыз байланысты.

Бәтима Зәуірбекова. Сурет: Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі

Зәуірбекова өз шығармаларында ұлттық мәдениетке, дәстүрлі бейнелер мен ою-өрнектерге бойлап, оларды заманауи суретші ретінде өңдеп, жаңаша ұсынды.

Көрмеде оның шығармашылығын тек қазақстандық сәндік-қолданбалы өнер аясында емес, сонымен қатар, модернизм кескіндемесімен және әлемдік өнер дәстүрлерімен үндестікте қарастыру ұсынылады.

Ясауиден бастап үй бейнесіне дейін

"Мұра жіптері" экспозициясы үш кеңістікке бөлінеді.

Маршрут музейдің тұрақты коллекция залынан басталады. Мұнда Зәуірбекованың жұмыстары сәндік-қолданбалы өнер үлгілерімен қатар қойылады. Бұл тәсіл оның өзіндік көркемдік тілі қандай дәстүрлерден бастау алғанын көрсетуге тиіс.

Сурет: Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі

Суретші шығармашылығында жиі кездесетін маңызды бейнелердің бірі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.

Көрме павильонының еңселі қабырғалары кесене сәулетін еске түсіреді. Сонымен қатар, бұл кеңістік үй, пана және қасиетті орын ретінде ойластырылған.

Осы арқылы Зәуірбекова жұмыстарындағы бірнеше тұрақты тақырыптар - адам мен табиғаттың байланысы, материалдық әлемнің киелілігі және қолөнердің маңызы ашылады.

Жұмыстарды жан-жағынан тамашалауға болады

Екінші залда туындылар стилистикасы мен суретші шығармашылығының жекелеген бағыттары бойынша бірнеше тақырыпқа біріктіріледі.

Мұнда қатаң белгіленген бағыт болмайды. Ашық жоспарлау келушілерге қозғалыс бағытын өздері таңдап, жұмыстарға әртүрлі қырынан қарауға мүмкіндік береді.

Кеңістіктің тағы бір элементі экспозицияны сүйемелдейтін әуен болмақ.

Шаңырақ және әйел бейнелері

Қорытынды зал Бәтима Зәуірбекова шығармашылығындағы әйел бейнесіне арналады.

Кеңістіктің ортасында төбеден ілінген шаңырақ болады. Оның айналасына ұлттық киімдегі қазақ әйелдерінің портреттері орналастырылады.

Осы бейнелер арқылы экспозиция авторлары отбасы, өмір жалғастығы және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын қозғайды.

Сурет: Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі

Сондай-ақ, осы залда архив cуреттері мен Зәуірбекова туралы деректі фильмді тамашалауға болады.

Кеңістіктің бір бөлігі интерактивті форматта жасалады: келушілерге тоқу станогында жұмыс істеп көруге және гобелен қалай жасалатынын өз көзімен көруге мүмкіндік беріледі.

Көрме қорытындысында тек Бәтима Зәуірбекова туралы емес, Қазақстанда дәстүрлі қолөнер бірте-бірте заманауи өнердің дербес бағытына қалай айналғаны туралы сыр шертіледі.

Бәтима Зәуірбекова. Сурет: Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі 

Суретшінің осыдан ондаған жыл бұрын жасалған гобелендері бүгін де өзектілігін жоғалтпаған. Шаңырақ, жады, ұлттық мәдениет және ұрпақтар байланысы тақырыптарын арқау етеді.

"Мұра жіптері" көрмесі 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында өтеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget