Пияз – керемет антисептик. Кей адамдар тұмаумен ауырғанда бактерияның көбеюін тоқтату үшін бөлмелерге пияз бен сарымсақты кесіп қояды. Себебі пияздың құрамында бактериялармен күресетін биологиялық белсенді заттар бар. Тұмаудан және жөтелден тез жазылуға көмектесетін пияздан жасалатын құралдардың рецептілерін ұсынамыз.
1-рецепт. Бір пиязды ұсақтап турап, кішкентай құтыға салыңыз. Оның үстіне 2 ас қасық қант салыңыз. Құтының қақпағын жауып, қараңғы жерге 2 сағатқа қойыңыз. Сол кезде пияздың суы шығады. Оған қант қосқандықтан пияздың ащы дәмін сәл басады. Дайын шәрбатты жөтел кезінде ересектер күніне ас қасықпен 3 рет, ал балалар шай қасықпен 3 рет ішу керек. Бұл шәрбатты ұзақ сақтауға болмайды. Сондықтан 1 шағын пияздан дайындап, ол таусылғаннан кейін ғана келесі шәрбатты жасаңыз.
2-рецепт. Жөтел кезінде ата-аналар балаларға жылы сүтке сары май салып береді. Бірақ егер жөтел ұлғайып кеткен болса, сүтке пияз қайнатып берген жөн. Ол үшін 1 кесе сүтке жарты пиязды салып, 3-4 минут қайнату керек. Содан соң сүтін сүзіп алып, ішу керек. Оны ересектерге де, балаларға да беруге болады. Мұндай сүтті күніне 2-3 рет ішкен дұрыс. Жөтел және жалпы тұмау кезде сұйықтықтарды қатты ыстық етіп ішуге болмайтынын біле жүріңіз. Оларды жылы күйде ішу керек.
3-рецепт. Жөтелге және тұмауға қарсы тағы бір құрал – пияз суы мен бал қоспасы. Оны дайындау үшін бір пиязды ұсақтап турап, дәкеге салып, суын шығарып аласыз. 1 пияздан шамамен жарты кесе немесе одан сәл аздау шырын шығады. Соған 1 ас қасық табиғи бал салып араластырасыз. Осы қоспаны 1 шай қасықтан күніне 3 рет жеу керек. Алайда көпшілік адамда балға аллергия болады, соны ескеріңіз.
Ескерту: бала асқазаны тітіркенбес үшін бұл дәрілерден соң міндетті түрде су ішкізіңіз. Егер пиязға немесе балға аллергия болса және асқазан-ішек жолы аурулары болса, пияздан жасалған дәрілерді ішу ұсынылмайды. Пияздан жасалатын емдік құралдар тұмауды және жөтелді жылдам кетіруге көмектеседі. Алайда оны балаға берерде дәрігермен ақылдасып алған жөн.