Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның технологиялардың еңбек нарығына әсері туралы айтқан сөзі бұрмаланып берілген.
"Кей басылымдарда "ЖИ салдарынан 1 миллион қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін" деген мәлімдеме пайда болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және айтылған сөздердің мәнін бұрмалайды. Вице-министр әлемдегі бүкіл мемлекетке қатысы бар еңбек нарығының автоматтандырылуы туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанда да өзге елдердегідей бірқатар мамандық технология ықпалымен өзгеруі мүмкін, бұл жойылады деген сөз емес", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, мәселе жұмыс орындары қысқаруы туралы емес, еңбек нарығын жаңа технологияларға бейімдеу және азаматтарды болашақтың мамандықтарына даярлау туралы болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова