Әнші Роза Әлқожа інісі мен ұлының ұсталуына қатысты жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншіге оқырмандарының бірі "Балаңызға, бауырыңызға тәрбие бермейсіз бе?!" деп жазған. Роза Әлқожа бұған жауап берді.
"Қыз ұзатудан әдемі көрініс. "Сіздей алтын құрсақты ана болсын" деп ырымдап шақырады ғой. "Ата-ананың ниеті қабыл" деген, шын жүректен ізгі ниетпен ұзатып жатамыз. Пенде өзіне ғана жауап бере алады. Әркім ақылына қарай адымдайды. Бағана біреу жазыпты "балаңызға, бауырыңызға тәрбие бермейсіз бе?!" деп. "Жаным, қызым - үйде, қылығы - түзде" дегендей, ешкім сыртта жүргеннің тілеуін тілегеннен басқа ештеңе істей алмайды. Жігіт болған соң, серуен-сейіл деген болады. Сосын "мойнымен көтереді". Ал, жақсылықты ниет ету, жамандықты таратпау да тәрбиеден!", - деп жазды ол.
Публикация от ӘЛҚОЖА РОЗА ӘБДІРАЗЗАҚҚЫЗЫ (@roza_alqozha)
Еске салайық, Желіде қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожа Қонаевта полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Оқиға 6 шілдеде полиция қызметкерлері Toyota Camry көлігін тоқтатқан кезде болған. Тексеру кезінде олар көліктің жүргізушісі, көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, тізгінде отырғанын анықтады.
Әбдіжаппар Әлқожаның өзі жолаушы ретінде басқа KIA Carnival көлігінде отырған. Сол сәтте ол полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, құқық бұзушыны рәсімдеуге кедергі жасағаны айтылды. Бұл ретте, полиция мәліметінше, әнші мас күйде болған.
"Алайда автокөлікті айыппұл тұрағына жеткізген кезде KIA Carnival автокөлігі келді, оның жолаушысы, азамат М. полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, құқық бұзушыны ресімдеуге кедергі жасай бастады. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне бағынбады. Ер адам медициналық куәландыруға жеткізілді, оның нәтижелері алкогольдік масаңдықтың "орташа" дәрежесін көрсетті", - деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.
Көлік құралын, көлік жүргізу құқығы болмағына қарамастан тізгіндеген Toyota Camry жүргізушісі 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Сот шешімі бойынша KIA Carnival жолаушысы, әнші Әбдіжаппар Әлқожа құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз