- Негізгі бет
- LifeStyle
- жер сілкінісі
“Жер сілкінісі болады деп қорқамын“. Мұндай үрей несімен қауіпті?
Мазасыздық, қорқыныш және фобияның айырмашылығы неде? Сейсмофобия - жер сілкінісінен қорқу қалай пайда болады? Ол несімен қауіпті және оны жеңуге бола ма? Бұл сұрақтарға ТЖМ медициналық-психологиялық қызмет басқармасының бас маманы Дәулет Үйсімбеков жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жер сілкінісіне фобия неден пайда болады?
Дәулет Үйсімбековтың айтуынша, адам неден қорқып отырғанын білмегенде, ол мазасыз күйде болады. Адам бойын түсініксіз уайым жаулағанын сезеді.
Ал белгілі бір объект пайда болған кезде, ол қорқыныш деп аталады. Мысалы, егер жер сілкінісі болса, бұл құбылыстан қорқу пайда болады. Адам қорқыныш сезімін басқара алмаса, бұл фобия. Жер сілкінісінің фобиясы сейсмофобия деп аталады.
"Ол көбіне жер сілкінісі кезінде қатты күйзеліске ұшыраған немесе жақындарынан айырылған адамдарда пайда болады. Фобия психологиялық жарақат және зақымдаушы оқиға себебінен дамиды. Оның қайғылы болуы міндетті емес: оны адам психологиялық деңгейде өзіне ауыр қабылдаған болуы мүмкін. Яғни егер адам осы уақытқа дейін жер сілкінісінен қорқып жүрген болса, бірақ содан кейін ол оның және жақындарының өмірі үшін қорқыныш тудырған қатты жер сілкінісін сезсе, онда фобия пайда болуы мүмкін", - деді ТЖМ психологы.
Психологтың айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі қорқыныштың ұзақтығы ағзаның жеке ерекшеліктеріне байланысты және бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылуы мүмкін. Мұндай қорқыныштың ұзақтығына адамның бейімделу және стресті жеңе білу қабілеті әсер етеді. Алайда егер мазасыздық күйі бірнеше ай бойы сақталса және қорқыныш қайталанса, онда фобия қалыптасуы мүмкін. Дәулет Үйсімбеков бұған жол бермеу үшін жақсы психологтан кеңес алуды ұсынды.
Маманның айтуынша, жер сілкінісінен қорқу тек сейсмикалық белсенді аймақтардың тұрғындарына немесе сейсмикалық белсенділігі төмен жерлерде өмір сүргендерге, жаңа жерге көшіп, онымен алғаш рет бетпе-бет келгендерге тән деп айтуға келмейді. Мысалы, жер сілкінісі жиі болатын Жапонияда тұрғындар бұл нәрсеге байыппен қарайды, өйткені олар жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін екенін түсінеді.
Жер сілкінісінен қорқуды қалай жеңуге болады?
"Қорқыныш көбінесе не істеу керектігін білмегеннен және түсінбегеннен болады. Егер адам өмір қауіпсіздігінің негіздерін және қандай да бір жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білмесе, ол дүрбелеңге түседі. Біздің министрлік адам төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білуі үшін жаттығулар жасайды. Егер ол дүрбелең жағдайында болса, онда жер сілкінісі сияқты құбылыстар оған үлкен қауіп төндіруі мүмкін", - деп ескертті психолог.
Дәулет Үйсімбековтің айтуынша, адамдардың белгілі бір түрі үшін дабыл шабаданын жинау және дайындау өзіңізді тыныштандырудың жақсы әдісі болуы мүмкін. Белгілі бір рәсімдер адамға қорқынышпен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ жер сілкінісінен қорқатын адамдар үшін үйден шығу схемасын зерттеп, маршруттарды алдын ала ойластырған пайдалы болады.
"Мен Алматыда болған жер сілкіністерінен кейін жедел желілерде жұмыс істеп көрдім. Алғашқы сағаттарда көптеген қоңырау болды, бірақ аз уақыттан кейін олар нөлге дейін төмендеді. Адамдар қоғамға шығып, басқалармен сөйлесіп, жүйке разрядын алды. Олар осы оқиғаны бастан өткергендермен бірге алған әсерлері мен эмоцияларын бөлісті және содан олар жеңілдеп қалды. Адамның психикасы мазасыздықтан шаршап, тыныштануға бейім", - дейді ТЖМ қызметкері.
Жер сілкінісі кезінде өзіңізді тыныштандыру үшін психолог ең бастысы - өзіңізді және жақындарыңызды құтқаруға назар аударуға кеңес береді. Ол үшін жағдайды зерттеп, оны дұрыс бағалау керек.
"Адамның қауіп-қатерге бірінші реакциясы - "тұр немесе қаш" болады. Егер біз жүгіруді шешсек, онда сіз ең қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып, қауіпсіз жерге тұруыңыз керек. Ал кейбір адамдар мұндай жағдайда өздерін қозғалуға мәжбүрлей алмайды, бір орында қатып қалады. Осы сәтте олардың жанында оларға көмектесетін адам болуы маңызды", - дейді Дәулет Үйсімбеков.
Еске салайық, бұған дейін 5 қараша күні алматылықтар жер сілкінісін сезгені хабарланды.
Кейінірек ТЖМ мәлімдеме жасап, бүгінгі жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқанын хабарлады.
Алматыда 3 балл, Талғарда 4 балл, Есікте 4 балл, Түргенде 3 балл, Өтеген батырда 3 балл, Боралдайда 2 балл, Маловодныйда 2 балл, Ж.Қайыповта 2 балл, Алатауда (Жетіген) 2 балл, Қарасайда (Қаскелең) 2 балл болып сезілді.
“Жер сілкінісі қарашада қайталанады“ деген сарапшы болжамын қалай жасағанын түсіндірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова