Желідегі негатив адамдарға неге қызық? Мамандар пікірі

Желідегі негатив адамдарға неге қызық? Мамандар пікірі
Фото: depositphotos.com

Сарапшылар жұрт неге әлеуметтік желідегі негативке толы ақпаратқа құмар болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шынайы оқиғалар

"Кейде көшеде балалар жүргенін көрсем, байқамай біреуді қағып кетемін бе деп қорқамын…"

19 жастағы Аяулым (есімі өзгертілген) күнде көлік жүргізсе де, бойын билеген үрейден арыла алмай жүр. Жаңалықтан көрген қайғылы оқиғадан кейін екінші курс студенті үшін көлік жүргізу күнделікті қорқыныш пен ішкі күреске айналған.

Аяулым секілді жаңалықты жиі қарайтындар көп. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі видеолар арқылы ақпаратты визуалды түрде қабылдау алған әсерді күшейтеді. Көлік жүргізу тәжірибесі болса да, Аяулымның мазасыз ойлары күн өткен сайын үдеп барады.

"Ақпараттан құр қалатындаймын"

Ал 18 жастағы Айымжан Қуанышева күніне үш сағаттан артық әлеуметтік желіде отырады екен. Ол да ақпараттың шегі жоғын мойындайды.

"Ақпаратты тым көп тұтынғанда өз-өзіме жынданып, жылағым келіп кетеді. Байқамай Instagram-ға кіріп кетемін де, қайта-қайта қарап отырамын. Кейде желілерді өшіріп тастағым-ақ келеді, бірақ бұл маған өте қиын", – дейді ол.

Бірі көлікпен бала қағып кетемін деп үрейленсе, енді бірі жаңалықтардан құр қаламын деп қорқады. Әркімнің ішінде өз қорқынышы бар. Кейінгі кезде медиа дәл сол қорқыныштарды ұлғайтатын құрал болып барады.

Желідегі негатив адамдарға неге қызық?

Психотерапевт Мадина Қасымжанованың айтуынша, бұл құбылыс мидың жұмыс істеу ерекшелігіне тығыз байланысты. Адамда қауіп пен үрейді тануға жауапты "амигдала" деген ми бөлігі бар. Ол ішкі "дабыл түймесі" іспетті. Қауіп немесе соған ұқсас сигналды бірден байқап, миды соған шоғырландырады. Ал қарапайым ақпаратқа ондай реакция болмайды. Сондықтан адам миы негативті ақпаратты тез қабылдап, ұзақ есте сақтайды. Бұл – эволюциялық жолмен қалыптасқан "қауіптен қашу" жүйесінің нәтижесі. Осындай жүйе бүгінгі ақпарат ағынында гиперфокусқа айналып, адам қауіпсіз ортада болса да жаңа "қатерлерді" іздей береді.

Бұл турасында психолог Анна Борисқызы былай дейді:

"Ең алдымен бұл қауіпсіздікке деген қажеттілікке байланысты. Адам ақпаратты бақылау арқылы өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Яғни жаңалықтарды бақылау "жағдайды қадағалап отырмын" деген иллюзия береді. Бұл адамға сыртқы әлемнен қорғанғандай күй сыйлайды".

Осылайша ақпаратты тұтыну мен мазасыздық арасында тұйық цикл қалыптасады: адам неғұрлым негативті жаңалықты жиі оқыса, соғұрлым көп уайымдайды.

Сонымен қатар, бұл жерде виталды қажеттілік, яғни ақпараттық аштық туралы айтуға болады. Кейбір адамдар ішкі "бос орынды" үнемі ақпаратпен толтыруға тырысады. Бұл тамақтану секілді: пайдалы тағам ба, әлде фастфуд па бәрібір. Адам кейде терең әрі пайдалы деректерді іздемей, тек "инфо-фастфуд" тұтынады. Өзін осылай "толыққанды", "ақпараттан хабардар" сезінгісі келеді.

Бұдан кейін адам біртіндеп ішкі күйзеліске түседі және оны өздігінен еңсеруге тырысады. Салдарынан депрессияға ұшырауы мүмкін.

Статистика не дейді?

Халықаралық CountryCassette басылымының кейінгі зерттеуіне сүйенсек, депрессияның таралуы бойынша Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 93-орында екен. Бұл тізімде біздің алдымызда  Ресей, АҚШ және Эстония тұр.

Елдегі депрессияға ұшыраған халықтың үлесі – 4,4%, бұл - шамамен 732 мың адам деген сөз. Салыстырмалы түрде әлемдік орташа көрсеткіш – 3,9%. Яғни біздегі ахуал алаңдатарлық деңгейде.

Авторлары: Ильнара Менисова, Назым Тұяқбай, Айым Жаныбекова 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget