Желіде Шахановтың соңғы аманаты делінетін хат тарады

Әлеуметтік желіде әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты делінетін хат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Назерке Шәкірбаева жазды. Хат 15 сәуірде Президент әкімшілігіне жолданған.

"Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты - өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесі маңына жерлеу еді. Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына тілек, аманаты. Ақын хәл үстінде жатқан сәттен бастап жары Ханшайым Шаханова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Онда ақынның соңғы аманаты нақты жеткізілген. ...Арыстанбаб кесенесі маңында Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым да бар. Мұхтар Шахановтың Өзбекәлінің қасына жерленетін жөні де жоқ емес. Өйткені Мұхтар Шаханов - сол Өзбекәлі Жәнібековпен иықтас жүріп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлға", - деді ол.

Айта кетейік, 19 сәуірде ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. 

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың денсаулығы сыр бергені, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат тарады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!