- Негізгі бет
- LifeStyle
- Желіде "Қазақтарды қалай...
Желіде "Қазақтарды қалай басқару керек" деген кітап дау туғызды
Блогер және продюсер Нұрқожа Ерсайын өзінің инстаграм-парақшасында дүкен сөресінде "Қазақтарды қалай басқару керек" деген кітап сатылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұрқожа Ерсайынның айтуынша, бұл кітап Алматыдағы жанармай құю бекетінде сатылып жатыр.
"Достар, мынау не енді? Қараңыздаршы. Тура Алматының төрінде сөреге "Как управлять казахами?" деген кітапты қойып қойыпты. Кітаптың қысқаша тарихын айтып жіберейін. Бұл бәріне белгілі кітап. Иван Кириллов деген оңбаған кісі 1734 жылы шығарған, яғни қазақтар жоңғарлардың әсерінен құлдырап, Ресейге қосыла бастаған кезде Иван Кириллов деген адам, тарихи тұлға осы кітапты жазып шыққан. Қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындырып, оларды тізе бүктіріп, Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы. Сол кітапты енді мына жақта сатып жатыр екен. Міне суретін қараңыздар. Қазақтың бір ханы орыс офицерлерінің алдында бас иіп, бағынып жатыр", - дейді блогер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дизайнер, сәулетші Елзат Мұқашев та әлеуметтік желіден мұндай кітаптың сатылып жатырғанын көрген бойда келген.
"Мен мұны көргеніме 30-40 минуттай болды. Мына жерден кетуге намыс жібермей жатыр. Мынаны қалай тастап кетесің?! Мынаны басқа ұлт көріп, күліп, суретке түсіріп жатырғаны менің намысыма тиіп жатыр. Мүмкін мазмұны басқа деп ақталатын шығар, бірақ мұндай сурет пен мынадай тақырып провакация болмағанда не?",- дейді ол.
Желі қолданушылары да дүкендерде мұндай кітаптың сатылуына наразылық білдірді.
"Кітап қате деп жатырған жоқпыз. Бұл жерде маркетинг мәселесі, өте ұсқынсыз қолданылған", "Жанармай иесін жауапқа тарту керек", "Осы кітапты шығарған баспаханасын сот арқылы жазалау керек, кітапты сатылымға шығарған дүкендерді де жазалап лицензиясынан айыру керек", "Мемлекеттік бақылау қайда?", - деп ашуланды әлеуметтік желі қолданушылары.
Желіде туындаған дауға қатысты баспагер Бақытжан Бұқарбай жауап берді.
"Түнде Елзат және Нұрқожа азаматтарымыз видео жариялап, желіні бір шулатыпты. "Как управлять казахами" кітабының аясында әңгіме болып жатыр. Бұл кітапты біз жайдан-жай шығармадық. Қазақтың мүддесіне жұмыс істейтін дүние болған соң жарияладық. Бұл кітап 300 жыл бұрын жарияланған деректер негізінде жарық көріп отыр. Біздің даламызды қалай отарлады, қазақтан шын мәнінде протекция сұрап барды. Ресей тарапы да бізден протекция сұраған. Мұны орыстың деректерінің өзі көрсетіп тұр. Біз үшін тарихымызды жаңадан түсініп, мифтерден арылу үшін қатты көмектесетін, қазаққа мол пайдасын беретін кітап. Өйткені 300 жыл бойы қазақтың санасында жағымсыз нәрселер қалыптасып қалса, содан арылып, жаңа деңгейге ұлт ретінде шығуға көмектесетін кітап. Бұл он бірінші кітап, бұған дейін біз Кенесары, Жанқожа батыр туралы тың деректерді Ресейдің әскери архивтерінен әрең алдырып жариялаған жайымыз бар.
Бұл кітапқа қатысты Елдос Тоқтарбай бауырымыз, Арман Шораев ағамыз "мына кітап дер кезінде шықты, қазаққа нағыз керек кітап" деп жатыр. Мемлекеттік қайраткер, сенатор ағамыз Дархан Қыдырәлі де осы кітап туралы өзінің жазбасын қалдырды. Оның барлығы желіде бар.
Кітаптың мұқабасына келетін болсақ, Нұрлан Қилыбаев деген ағамыздың "Аманат" деген картинасы бейнеленген. Картина бұл кітап шыққанға дейін бірнеше жыл бұрын салынған. Бұл да танымал жұмыс. Біздің ешқайсымыз қазақтың мүддесіне қарсы жұмыс жасап жатырған жоқпыз", - дейді баспагер видеода.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова