Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы азық-түлік дүкенінің атауы көпшіліктің назарын аударды. "Ельмурат ата атындағы Зульфия" дүкенінің иесі жұртты таңғалдырған дүкеннің атауы жайлы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ельмурат ата атындағы Зульфия" дүкені - Шымкент қаласы Мырзакент ауылында орналасқан қарапайым азық-түлік дүкені. Десе де, "қарапайым дүкен" бірнеше күннің ішінде TikTok платформасында хитке айналды. Көпшілік дүкеннің атауына қатысты түрлі реакция жасап, әзілге айналдырып жатыр. Ал дүкен иесі Юсуфжан мырза бұлай атауының үлкен себебі бар екенін айтты.
"Бұл дүкен негізі 3 жыл бұрын ашылған. Ельмурат деген менің туған атам. Құжат бойынша ЖК (жеке кәсіпкер) иесі ретінде сол кісі белгіленген. Атам ауыл арасында үлкен беделге ие кісі. Ауылымызда мешіт ашуға себепкер болған жан. Кейін ауыл тұрғындары мешітті атамның құрметіне атаған еді. Дүкенді де басында "Елмурат ата" дүкені деп қойған едім. Бірақ осыдан бір жыл бұрын мен үшін өмірімдегі ең қайғылы жағдай орын алды. Дүкеннің ішінде кішігірім ас бөлмесі болатын. Бір жағында анам бәліш пісіріп сататын, бір жағында досым лавашпен айналысатын. Бір күні оқыс жағдай орын алып, ас бөлмеде газ баллоны жарылып, анам қатты күйіп қалған еді. Дәрігерлер анамның жағдайын аса ауыр деп бағалап, көп ұзамай дүние салды. Бұл мен үшін орны толмас қайғы. Анамның есімі - Зульфия. Анашым маған осы дүкенді бастағанымда "тастама балам, тек алға, кәсібіңді тоқтатпа" деп қолдау білдірген еді. Сол сөзін еске алып, қайта жөндеу жұмысын жасап, әкеммен ақылдасып, дүкеннің атауын атамның және анамның құрметіне қоямын деп шештік. Кейін қызым дүниеге келді. Қызымның есімін анамның құрметіне Зульфия деп қойдым", - деді дүкен иесі Юсуфжан мырза.
Юсуфжан Куштаев желі қолданушыларының реакциясына аса мән бермегенін, барлығына түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
"Көбі маған осы видеоны жіберіп бастады. Сенің дүкенің танымал болып жатыр деп бөлісіп жатты. Пікірлер бөлімін қарасам, көбі әзілге айналдырып, түрлі пікір жазып жатыр екен. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Мен үшін үлкен мағынасы болғанмен, халық оны білмейді ғой. Кімге түсіндіріп жатасың?" - деп қосты ол.
Юсуфжан мырза Мырзакент ауылындағы орта мектепте әлеуметтік педагог ретінде қызмет атқарады. Жеке кәсібінен бөлек, ұстаздық жолды мұрат еткен ол, ағылшын-араб тілдерін меңгерген маман.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!