Жаз маусымын шуақты күн, жағажай және саяхаттаумен байланыстырамыз. Сондықтан көпшілік жазда жағажайы бар, ауа райы ыстық елге барып демалып келгенді жөн санайды. Оған қоса, жазда оқушылар, студенттер демалатындықтан, көпшілік ересек те еңбек демалысын жазда алады. Біреулер тіпті жазда еңбек демалысына шықпаса, өзін мүлдем демалмағандай сезінеді. Жазда шетелге барып демалып келуді жоспарлап жүрсіз бе? Турагент және саяхаттаушы Меруерт Мұхитқызы қазақстандықтарға баруға тиімді 5 елді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Турагент бірден бірнеше қаласына баруға болатын елдерді таңдауға кеңес берді.
"Жалпы саяхаттаушыға маңыздысы - жаңа эмоция алу, сол мемлекеттің мәдениетімен, тарихымен танысу. Сондықтан егер шетелде демалуды жоспарласаңыз, бірден бірнеше қаласын аралап, туризмнің де бірнеше түрін байқап көретіндей мемлекеттерге баруды кеңес берер едім", - дейді саяхаттаушы.
Меруерт Мұхитқызы қазақстандықтарға жазда мына елдерге баруды ұсынды:
Түркия
Стамбұлға рейстерді ыңғайлы етіп таңдап, тек Стамбұлды ғана емес, әрі қарай Түркияның алуан түрлі табиғатымен танысып, теңізге шомылу үшін Фетхие, Каш, Олюдениз секілді кішігірім, бірақ аутентикалық қалаларын аралауға кеңес берер едім. Күн ыстықтау болса да, тегін теңіз жағалаулары өте көп. Стамбұлдан да ішкі әуе билетін алып, аралауға болады. Немесе пакетпен ұсынылатын дайын турларды алса да болады. Туроператорлар қазір Бодрум, Мармариске де турлар ұсынып жатыр. Бұл қалалардың да сұлулығы бір бөлек. Түркияда белсенді де, мәдени де демалуға мүмкіндік бар.
Грузия
Қазір Батумиге де тікелей рейстер бар. Батуми — Грузияның керемет инфрақұрылымы мен көптеген көрікті жерлері бар курорттық астанасы. Бұл жерде Самеба тауында орналасқан XIX ғасырдағы шіркеу - Қасиетті Үштік ғибадатханасы және жеті шақырымдық теңіз жағасындағы бульвар бар. Қара теңіз жағалауында демалудың керемет әдісі. Содан соң әрі қарай Кутаиси, Тбилиси, Казбеги, Сигнахи секілді тарихи, таулы-тасты, мәдени жерлерін аралауға кеңес берер едім. Оған қоса, Грузияның асүйі әр туристтің көңілінен шығатыны анық.
Египет
Өзім Шарм-Эш-Шейхке барғанды дайвинг үшін ұнатамын. Бұл жолы Аламейн қаласына да рейстер бар. Демек көне Александрия қаласына да бару тезірек әрі ыңғайлырақ. Александрия мұнарасы бұрын әлемнің 7 кереметі тізімінде болатын.
Италия
Алматыдан Миланға тікелей рейстер бар. Әуекомпанияны Neos сайтына кіріп таңдасаңыздар болады немесе арзандау шығу үшін туркомпаниядан да дайын пакетті алса болады. Бірақ басқа да қалаларды аралағыңыз келсе, өз бетіңізбен маршрут құрған дұрыс болады.
Оңтүстік-шығыс Азия елдері
Вьетнам, Тайланд, Малайзия - қалағаныңыздан бастап, бір саяхатта бірнеше мемлекетке баруға болады. Олар өздерінің экзотикалық жағажайларымен, мәдени мұрасымен және экскурсиялық бағдарламаларымен ерекшеленеді. Маршрутқа Балиді де қосуды ұмытпаңыз.
Еске салайық, бұған дейін тур таңдағанда алданып қалмас үшін білу керек нәрселерді ұсынған болатынбыз.
Егер шетелге еңбек демалысы кезінде баруды жоспарласаңыз, оны қалай жоспарлау және оны дұрыс рәсімдеу керегін оқыңыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!