Жазда баланы көлікте қалдырмаңыз: себебі мен салдары айтылды

Жазда баланы көлікте қалдырмаңыз: себебі мен салдары айтылды
Фото: depositphotos.com

Жаз мезгілінде көлік салоны тез қызады. Тіпті сырттағы ауа температурасы шамамен +25 градус болса, көлік іші 10 минут ішінде 10-15 градусқа ысып кетуі мүмкін. Ал бір сағаттан кейін салондағы температура +50 градустан асып кетуі ықтимал, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Неліктен қауіпті?

Бұл бала үшін аса қауіпті. Себебі балалардың ағзасы ересектерге қарағанда әлдеқайда тез қызады. Жабық көлікте бірнеше минут қалудың өзі баланың жағдайы күрт нашарлауына, дене шамадан тыс қызуына, ыстық өтуіне немесе есінен тануына әкеп соғуы мүмкін.

Ата-аналарға ескерту

"Мұндай жағдайда "тез барып келемін", "бір минутқа ғана" деген ойға жол берген дұрыс емес. Баланы дүкеннің, дәріхананың, ауланың немесе жанармай құю бекетінің маңында көлікте жалғыз қалдыруға болмайды. Қауіп тек аптап ыстықпен шектелмейді. Қараусыз қалған бала есікті абайсызда іштен құлыптап алуы, терезені ашып-жабуы, көліктің басқару батырмаларын басуы немесе қорқып, өздігінен шыға алмауы мүмкін", - деп ескертті "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы өкілдері.

Терезені сәл ашып қою немесе көлікті көлеңкеге қою бұл мәселені шешпейді. Көлік салоны бәрібір қыза береді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget