Жазда астан уланудың негізгі себептері айтылды

Жаз мезгілінде тағамнан улану және жіті ішек инфекциясының қаупі артады. Себебі жоғары температурада азық-түліктегі микроорганизмдер тез көбейеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ӨКҚ-да өткен брифингте Алматы қаласы Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді.

"Қалада әзірге тағамнан жаппай уланғандар тіркеле қойған жоқ. Биыл алғашқы алты айда бактериялық тағамнан уланған 32 адам анықталды, бұл былтырмен салыстырғанда 13,7 пайызға аз", - деді Әсел Қалықова.

Тіркелген 32 адамның 21-і немесе 65,6 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болып шыққан. Жалпы сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1,32 адам болса, балалар арасында осындай 3,69 оқиға тіркелген.

Дәрігерлердің сөзінше, азық-түлікті сақтау кезінде температура сақталмауы, дайындау кезінде, сатар кезде санитария талабы бұзылуы, сондай-ақ, мерзімі өткен немесе бүлінген өнімді тұтыну - тағамнан уланудың негізгі себебі. Жол бойынан азық-түлік сатып алу, көкөніс, жеміс-жидекті дұрыс жумай тұтыну, тазалықты сақтамау да қауіп-қатерді арттырады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!