Алматылық дәрігер жатыр мойны обырына қатысты маңызды кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы онкологиялық орталығына жатыр мойны обырының II сатысы диагнозымен 26 жастағы әйел жеткізілген. Науқас бір жыл бойы дәрігерге жүгінбеген.
"Оның екі баласы бар. Жағдайы қатты нашарлап кеткен кезде ғана медициналық тексерістен өтуді ұйғарған", – дейді онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова.
Онкологиялық орталықтың онкогинекологтары күрделі үш сағаттық ота жүргізген: жатыр, жатыр мойны және регионарлық лимфа түйіндері алынған.
Райхан Болатбекованың айтуынша, Алматыда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 2024 жылы бұл дерт бойынша 206 жаңа жағдай тіркелген. Негізгі жас тобы - 35-тен 50 жасқа дейінгі әйелдер. Дегенмен жастарда да анықталып жатыр.
"Алматыда 20–24 жас аралығындағы науқастарда жатыр мойны обыры тіркеліп жатыр. Ерте сатыда бұл ауру айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты профилактикалық тексеріс пен скринингтен өту арқылы жатыр мойны обырын бастапқы кезеңде анықтап, емдеуге болады", - дейді онкогинеколог.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте алады.
Дәрігер тіпті болмашы белгілердің өзін елемеуге болмайтынын айтып, гинекологқа тұрақты түрде баруға кеңес береді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова