- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жасыл, қызыл, қара:...
Жасыл, қызыл, қара: қай түсті жүзім пайдалырақ?
Кей мамандар жүзімді арықтағысы келетін адамдар үшін ең зиян жидек екенін айтады. Алайда шаманы білсеңіз, ол қан тамырларды қатайтады, иммунитетті арттырады және қатерлі ісіктен қорғайды. Қай түсті жүзім пайдалырақ? Бұл сұраққа диетолог Марият Мухина жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Москва 24"-ке сілтеме жасап.
Жүзімнен шарап пен шырын дайындайды, сондай-ақ оны десерт немесе тіскебасар ретінде жейді. Бұл жидектер дәмді әрі пайдалы: олардың құрамында ағзаға жағымды әсер ететін флаваноидтар, полифенолдар және антиоксиданттар бар.
Қара және қызыл жүзім пайдалырақ
Диетологтың айтуынша, қара және қызыл түсті жүзім пайдалырақ. Қызыл жүзім жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алады, ал қара жүзім ағзаны қатерлі ісіктен қорғайды.
"Қызыл жүзімде ресвератрол көп, сондықтан ол қан тамырлар саулығы мен қан айналымды жақсартады, жүрек саулығын сақтайды және холестеринді азайтады. Қара жүзімде антоциандар көп, ол қатерлі ісік ауруларының алдын алады", – дейді Марият Мухина.
Қара және қызыл жүзімде жасұнық та көбірек. Ол ас қорытуды жақсартады және іш қатудың алдын алуға көмектеседі.
Жүзімді кімдерге жеуге болмайды?
Алайда оның пайдасына қарамастан, жүзімді көп жеуге болмайды. Диетологтың айтуынша, күніне 200 г, яғни бір стақан жүзім жеген жеткілікті. Жүзімді көп жесеңіз, іш кебуі мүмкін.
Оған қоса, жүзім қандағы қант мөлшерін арттыратынын ұмытпаған жөн. Сондықтан оны қант диабеті бар адамдарға жеуге болмайды. Бұл өнім сондай-ақ асқазан-ішек жолын тітіркендіруі мүмкін, сондықтан гастритпен немесе жаралы аурумен қиналатындарға одан бас тартқан дұрыс.
Жүзім аллергиялық реакция беруі де мүмкін. Оны әсіресе балаларға абайлап беру керек. Алдымен 2-3 жидектен ғана беріп бастаңыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова