Жастардың шашы неге ерте ағарып жатыр?

Жастардың шашы неге ерте ағарып жатыр?
Фото: depositphotos.com

Тұрақты күйзеліс пен мазасыздану ерте ақ шаштың пайда болуына әкеледі. Бұл жайлы терапевт Татьяна Федотова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Вечерняя Москва"-ға сілтеме жасап.

Дәрігердің айтуынша, жасөспірімдерде бұл проблема сондай-ақ минералдың жетіспеуінен, анемия және генетикалық факторларға байланысты болуы мүмкін.

"Күйзеліс - ағзадағы көптеген аурулар мен жағымсыз процестердің себебі. Ағзаға уайым-қайғы ғана емес, сонымен қатар физикалық белсенділіктің жоғарылауы, ұйқы режимі мен тамақтану ережелерін сақтамау да күйзеліс болатынын есте ұстаған жөн. Ал қазіргі көпшілік жасөспірім бұл ережелердің ешқайсысын сақтамайды", - деп түсіндірді Федотова.

Маман жастардың шашының ерте ағаруына тағы бір себеп - темекі тарту екенін айтты.

"Бұл ішкі ағзалардың саулығына ғана емес, адамның сыртқы түріне де үлкен қауіп төндіреді. Темекі теріні ерте қартайтады. Темекі түтіні шашты құрғатып, оны сынғыш етеді. Сондай-ақ жаман әдет шаштың түсуін және ақ шаштың пайда болуын ынталандыруы мүмкін", - дейді дәрігер.

Маман мүмкіндігінше күйзелістен аулақ болуды және ағзадағы минералдардың деңгейін тексеруді ұсынды. Оның айтуынша, дәруменді қоспаларды дәрігердің кеңесінсіз ішуге болмайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова