- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жастар түсінетін 10...
Жастар түсінетін 10 сленг
Интернетпен бірге жастар арасында сленг сөздер көбейді. Көбі ағылшын тілінен еніп, күнделікті өмірде қолдану арқылы тілімізге сіңісе бастады. Бүгін танымал 10 сленгпен таныстыратын боламыз.
1. Кринж
Ағылшын тіліндегі to cringe сөзі қазақ тілінде "жиырылу" дегенді білдіреді. Бұл өзін ыңғайсыз сезіну, өзгенің қылығы үшін ұялу деген мағынада қолданылады.
2. Флекс
Ағылшын тілінде to flex сөзі бағалы заттарды көрсету, нақтырақ айтсақ мақтану дегенді білдіреді. Бүгінде жасөспірімдер брендті киімдер, әшекейлер, гаджеттер арқылы флекс жасайды.
Одан басқа оның басқа да мағынасы бар: музыка ырғағына сәйкес қозғалу, билеу және рахаттану.
3. Чилл
Бұл сөз де to chill out деген ағылшын тіліндегі етістіктен шыққан. Мағынасы — "тынышталу", "демалу". Бұл сөзді сыртқы жағдайдың әсеріне қарамастан, жанның жай тауып, тыныштықта болумен байланыстыруға болады.
4. Вайб
Вайб — көңіл-күйге әсер ететін ғимарат атмосферасы, музыка, кино. Көбіне жақсы жайттарға байланысты қолданылады.
5. Рофл
Бұл сөз ROFL аббревиатурасынан шыққан, толық нұсқасы Rolling on Floor Laughing — "күлкіден еденде дөмбекшу" дегенді білдіреді. Бүгінде бұл сөзді әзіл, мазақ немесе келеке ету дегенді білдіреді.
6. Войс
Ағылшын тіліндегі voice сөзі "дауыс" деп аударылады. Орыс тіліне етістік ретінде енген "Войсить" сөзі дыбысты хабарлама жазу дегенді білдіреді.
7. Изи
Ағылшын тіліндегі easy сөзі "жеңіл" деп аударылады. Жасөспірімдер арасында да бұл сөз сол мағынады қолданады. Мысалы, математикадан емтихан мүлде қиындықсыз өтсе, өзара олар "емтихан изи өтті" деп айта алады.
8. Краш
Ағылшын сленгінде crush сөзі ойлаған кезде іште жылу оятатын адамға байланысты қолданады. Сырттай ғашық болып, бақылап жүрген адамын "краш" деп атайды. Одан бөлек, мыңдаған фанаттары бар атақты адамды да краш дейді.
9. Хейт
Бұл сленг те ағылшын тіліндегі to hate етістігінен шыққан. Мағынасы — жек көру, жақтырмау, ұнатпау.
Хейтерлер — біреуді жек көре отырып, ол туралы айтудан қысылмайтын адамдар. Олар интернетте жағымсыз пікірлер қалдырады.
10. Шиппер
Бұл сөз де ағылшын тіліндегі shipping сөзінен енген. Ол атақты адамдар, кітап не фильм кейіпкерлерді қосып, олардың арасында романтикалық сезім бар деу деген мағынаны білдіреді.