Жоғары санатты гинеколог, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Сұңқар Хангелдина Massaget YouTube арнасына өткір мәселе төңірегінде ашық сұхбат берді.
Ашық ақпаратқа сүйенсек, елімізде жыл сайын 11-17 жас аралығындағы шамамен 1000-ға жуық қыз жүктілігін сақтау үшін диспансерге жатқызылады.
Гинеколог өз тәжірибесінде кездескен оқиғаның бірін әңгімелеп берді. Оның сөзінше, өзіне 11 жастағы жүкті жасөспірім жүгінген, оның жүктілігін 25-аптаға дейін ата-анасы байқамаған.
"Мұндай жағдайлар ұят болады менталитетінің жемісі деп ойлаймын. "Ұят болады, балаға "вагина" не екенін, ұл балаға "пенис" не екенін айтуға болмайды" деген ұстаныммен жүретін болсақ, жылына 100 мың қыз диспансерге тұрмайды, бұл жылдан-жылға көбейеді. Жыныстық қатынас ерте болған сайын әйел мен еркектің бедеулігі мен белсіздігінің пайызы өседі. Ал ерте жүкті болғандардың барлығы босанбайды, көбі аборт жасатады. Сондықтан мейлі он бірде болсын, мейлі он екіде болсын айтылуы керек. Он жастан бастап ұл мен қызға жыныстық қатынас бар екенін, қыз бала гигиена сақтауы керек екенін, етеккірі басталатынын, төсемшені қалай жиі ауыстыруы керек екенін - барлық ақпаратты анасы айтуы керек", - деді маман.
Сұңқар Хангелдина осы тұста ата-аналарға кеңес берді.
"Баланың қалыптасуы, гигиенасынан ұялудың қажеті жоқ. Біз ұяламыз. Мұны айтуға болмайды десек баланы көп нәрседен шектеп аламыз. Үйде ұялып айтпай отырған кезде ол сырттан бүкіл ақпаратты алып келіп отырады. Бала үйде басқа, түзде басқа. Аналар, әкелер, қыз баланың да, ұл баланың да болмысы, тәрбиесі тек сіздердің қолдарыңызда. Қоғамға сеніп, мектепке тапсыру - екінші реттік жағдай", - деді гинеколог.
Сұхбаттың толық нұсқасын Massaget YouTube арнасынан көре аласыздар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!