Ален Басен виолончельді алғаш рет бес жасында қолына алған. Қазір он жастағы музыкант халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, бірнеше марапатты иеленіп үлгерді. 23 қыркүйекте оған поляк шебері Войцех Топаның кәсіби виолончелі мен AÑSA Foundation қорының атаулы стипендиясы табыс етілді. Tengrinews.kz тілшісі Аленмен, оның анасымен және тәлімгерімен музыка, байқаулар және жас музыканттың арманы туралы әңгімелесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Салтанатты іс-шара Ален оқитын Күләш Байсейітова атындағы мектеп-интернатта өтті. Кәсіби аспап пен атаулы стипендия сертификатын оған AÑSA қорының атқарушы директоры Мұрат Жұманбай табыстады.
Жаңа аспапты поляк шебері Войцех Топа жасаған. Ол скрипка, альт пен виолончель аспаптарын XVIII ғасырдың дәстүрлі технологиясы бойынша дайындайды. Оның қолынан шыққан аспаптарда әлемнің түрлі елінің музыканттары ойнайды, олардың қатарында Анджей Бауэр, Стефан Камаса, Ежи Космала, Иван Монигетти және Януш Вавровский бар.
Ален виолончельді байқап көріп, алдыңғы аспабымен айырмашылығын бірден сезген.
"Айырмашылығы өте үлкен: өлшемі де, дыбысы да, тембрі де бөлек. Өте жақсы аспап, маған ұнады", - деді Ален.
Ұстазының айтуынша, аспап бойына сәйкес келсе, Ален жаңа виолончельмен күзден бастап ойнай бастайды. Қазір музыкант бесінші сыныпқа енді көшкен, сондықтан толық өлшемді аспапқа әлі кішкентай.
"Виолончельдердің өлшемі әртүрлі болады және аспап баланың бойына қарай таңдалады. Стандартты өлшемге әдетте жетінші сыныптан бастап немесе одан ертерек көшеді - мұның бәрі баланың бойына байланысты. Осыған дейін Ален кіші өлшемдегі аспаптарда ойнады, ол өскен сайын ірілеріне ауысып отырды. Қазір ол өзінің бойына сәйкес келетін кішірек аспапта ойнайды", - деп түсіндірді Аленнің тәлімгері Бақытжан Жантұрғанов.
Әлемдік сахнаға барар жол талантты ғана емес, дамуға жағдай жасауды да талап етеді. Жас музыкантқа AÑSA Foundation қоры қолдау көрсетті. Виолончельден бөлек, қор Аленге кәмелет жасына толғанға дейін атаулы стипендия тағайындады. Анасы Айгүлдің айтуынша, отбасы жыл сайын 10 миллион теңге алып тұрады.
Бұл қаражатты шеберлік сабақтарына және халықаралық байқауларға жұмсау жоспарланған.
Аленнің анасы Айгүл отбасы мұндай сыйлыққа, әсіресе, ұзақ мерзімді қолдауға өте риза екенін айтты.
"Бұл - оның болашағына салынған үлкен инвестиция және біздің отбасымыз үшін зор қолдау. Бұл қаражатқа біз Еуропаның үздік педагогтары мен профессорларының шеберлік сабақтарына баруды және байқауларға қатысуды жоспарлап отырмыз", - деді Аленнің анасы Айгүл.
Жас музыканттың тәлімгері де қолдауға ие болды. Бақытжан Жантұрғановқа 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ұстаздың айтуынша, марапат туралы рәсім кезінде ғана білген.
"Қор бізге тосын жерден келді. Олар өздері хабарласты, бәрі өте тез әрі нақты болды. Қолдау көрсеткендері үшін алғысым шексіз. Балаларға әртүрлі бағытта - мәдениетте, ғылымда көмектесіп жатқаны өте керемет, өйткені кейде дәл осы салалар назардан тыс қалып жатады", - деді Бақытжан.
"Қазақстанның болашағы бүгіннен бастап өз қабілетін шыңдап, алғашқы табыстарына қол жеткізіп жүрген адамдардың оқиғасынан құралады. Олардың қатарында жас музыканттар, спортшылар, инклюзивті жобалардың қатысушылары бар. AÑSA Foundation оларды жолдың маңызды кезеңдерінде қолдауға және талантты кәсіби шеберлікке айналдыруға көмектесуге ұмтылады. Бүгін мұндай қолдауға жас музыкант Ален Басен ие болып отыр. Біз оның музыкаға сүйіспеншілігі мен дамуға ұмтылысы жаңа жетістіктердің негізіне айналатынына, ал оның табысқа жетуі Қазақстанның мәдени болашағының бір бөлшегі болатынына сенеміз", - деді AÑSA Foundation қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Ким.
Сыйлықты табыстау сәті Аленнің сабақ уақытымен тұспа-тұс келді. Оқиға маңызды болғанымен, баланың жоспары қарапайым еді: ол футбол ойнау үшін дене шынықтыру сабағына үлгергісі келді.
Ален мадридтік "Реалды" қолдайды. Сүйікті футболшылары қатарында Джуд Беллингем мен қақпашы Тибо Куртуаны атады.
Ален музыкамен бес жасынан бастап айналысады. Алғашқы аспабы фортепиано болған, кейін оқытушысы скрипка немесе виолончельді байқап көруге кеңес берген.
"Бес жасымда анам мені фортепиано мен сольфеджио сабағына апарды. Біраз уақыт дайындалған соң мұғалім бойымдағы жақсы қабілетті байқап, скрипка немесе виолончельді көруді ұсынды", - дейді Ален.
Виолончель оған қатты ұнағаны соншалық - скрипкаға кезек те келмеді.
Бүгінде дайындық күніне екі жарым сағатқа жуық уақыт алады: екі сағат Ален виолончельде ойнаса, тағы жарты сағат фортепианомен айналысады. Шығарманың бір тұсы шықпай жатса, оны қайталай береді.
"Күн сайын екі сағат виолончельде, жарты сағат фортепианода дайындаламын. Бірдеңе дұрыс шықпаса, мұғалімнің кеңесімен шығарманың сол үзіндісін бірнеше рет қайталаймын", - деді ол.
Кестесі тығыз болғанына қарамастан, Аленнің бос уақыты болады. Ол достарымен футбол ойнайды, велосипед тебеді және компьютерлік ойындар ойнайды.
"Музыканттарда демалыс пен каникул болмайды, маған бұған көндігуге тура келеді. Бірақ демалыс күндері футбол ойнағанды, достарыммен велосипед тепкенді, әрине, компьютерлік ойындарды жақсы көремін", - деді жас музыкант.
Отбасында қарапайым ереже бар: алдымен сабақ, кейін ойын-сауық.
Ален байқауларға өте ерте қатыса бастаған. Оның есінде ерекше қалғаны - алғаш рет қатысқан Алматыдағы Art Star байқауы. Ол кезде оның жасы алтыда болатын.
"Алматыда өткен алғашқы Art Star байқауы есімде жақсы сақталды. Ол кезде алты жаста едім, алғаш рет сахнаға шықтым. Сахнаның не екенін әлі толық сезінбегендіктен, қобалжыған жоқпын. Бірақ бұл маңызды екенін түсіндім", - деді ол.
Содан бері ол Қазақстандағы және шетелдегі халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр.
Оның кейінгі жетістіктері ішінде:
Rovere d’Oro байқауына Ален екі рет қатысты. Былтыр Венецияда өнер көрсетіп, бірінші орын алса, биыл Сан-Бартоломео-аль-Мареде өз жас санатында бас жүлдені иеленді.
Ол нәтижені бірден білген жоқ, тілдік кедергіге байланысты бала хабарландыруды түсінбей қалған.
"Байқау нәтижелерін жариялағанда, басында ештеңе түсінбедім. Бірақ бәрі маған қарап, жымиып, қол шапалақтап жатқанын көрдім. Сосын әкем маған 100-ден 100 балл алғанымды айтты. Қуаныштан не айтарымды білмей, бәріне басымды изей бердім. Мұның бәрі маған қатысты екеніне сене алмадым. Ал кейін, әрине, қатты қуандым, өйткені менің қолымнан келді, бәрі сәтті болды!" - дейді Ален.
Ол сахнаға шығар алдында әлі де қобалжиды.
"Сахнаға шығар алдында әрдайым толқимын. Бірақ соңғы сәтте бәрін ұмытып, сахнаға шығып ойнаймын, артық ештеңе ойламай, тек өзімді тыңдаймын", - деді ол.
Аленнің сүйікті шығармалары қатарында Айвазянның "Грузин биі" мен Арутюнянның "Экспромты" бар.
Кәсіби бағдары ретінде Ален Күләш Бәйсейітова атындағы мектепте оқыған, қазір Еуропада тұрып, еңбек етіп жүрген қазақстандық виолончелист Елдар Сапараевты атады.
"Мен үшін біздің мектепті бітіріп, қазір Еуропада тұратын және жұмыс істейтін қазақстандық виолончелист Елдар Сапараев бағдар іспеттес. Әрине, мен де ол кісі сияқты мықты орындаушы болғым келеді", - деді ол.
Аленнің анасы Айгүл де бала кезінде музыка мектебінде оқып, скрипкада ойнаған. Ол кәсіби әртіс болмаса да, балаларының бірі музыкамен айналысқанын қалаған.
"Бала кезімде музыка мектебінде оқып, скрипкада ойнадым, бірақ музыкант болмадым. Сондықтан болса керек, балаларымның бірі музыкамен айналысса деп армандайтынмын. Үлкен ұлдарымды спорт көбірек қызықтырды", - деді Айгүл.
Оның айтуынша, Аленнің музыкалық қабілеті ерте жастан байқала бастаған.
"Аленнің музыкаға деген алғашқы бейімін бала кезінде-ақ байқадым: ол музыканы ерекше сезінетін, әуендерді тез жаттап алатын және музыка тыңдағанды ұнататын. Виолончельді таңдауы да табиғи түрде болды. Оған аспаптың дыбысы бірден ұнағаны соншалық - басқа аспаптарды байқап көруді қаламады", - деді ол.
Баланың шыққан тегі де шығармашылыққа жақын. Ол - Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Гауһар Қонаеваның, сондай-ақ, сәулетші Төлеу Бәсеновтің шөбересі. Ал анасы жағынан атасы - қазақстандық кинорежиссер Амангелді Тәжібаев.
Аленнің жетістіктерінің артында күнделікті дайындық пен конкурстар ғана емес, бүкіл отбасының қажырлы еңбегі тұр. Ата-анасы музыка балалық шаққа кедергі келтірмеуін қадағалауға тырысады.
Айгүлдің сөзінше, олар конкурстарды марапаттар санына қарай таңдамайды.
"Біз күн тәртібін дұрыс жоспарлап, балаға артық салмақ түсірмеуге тырысамыз. Мен үшін оның достарына, демалуына және қарапайым балалық қуаныштарға уақыты болғаны маңызды. Конкурстарды да санына қарай таңдамаймыз. Біз үшін әр сапардың Аленге жаңа бірнәрсе беруі - мықты музыканттарды тыңдау, ұстаздармен танысу, тәжірибе жинап, алға жылжу мүмкіндігі болуы әлдеқайда маңызды", - дейді Аленнің анасы.
Кейде бала шаршап, дайындалғысы келмейтін кездер болады. Мұндай сәттерде отбасы оған қысым жасамайды.
"Ең қиыны Ален шаршап, әсіресе, маңызды өнер көрсету алдында дайындалғысы келмейтін сәттер шығар. Бірде біз жай үзіліс жасадық, біраз уақыттан кейін ол өзі жалғастырғысы келетінін айтты. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Кейде баланы итермелеу емес, оған өз бетінше шешім қабылдауы үшін уақыт пен еркіндік беру керек екенін түсіндім", - деді ол.
Ол кейде "ұлымның балалық шағы толыққанды өтіп жатыр ма?" деп уайымдайтынын жасырмады.
"Кез келген ана үшін баласының өз ісіне қаншалық күш жұмсайтынын көру оңай емес. Кейде ол небәрі он жаста ғой, асыр салып жүгірсін, ойнасын, бала болып қалсыншы деп ойлаймын", - деді Айгүл.
Бірақ уақыт өте келе Айгүл Ален үшін музыка балалық шағының ажырамас бөлігіне айналды деген қорытындыға келген.
"Ол өз ісінен ләззат алатын болса, демек, бұл да оның балалық шағының бір бөлшегі. Ал біздің ата-ана ретіндегі міндетіміз - оның өмірінде музыкамен қатар достарына, ойынға, отбасына және қарапайым балалық қуаныштарға әрқашан орын болуын қамтамасыз ету", - деді ол.
Отбасы оның сапарлары мен оқу ақысын төлеуге де көмектеседі. Айгүлдің айтуынша, бұған Аленнің әкесі мен ағалары атсалысады.
"Біз мұны құрбандық деп санамаймыз. Бұл - біздің ортақ отбасылық таңдауымыз және Аленді бақытты ететін іске деген сүйіспеншілігіміз", - деді ол.
Анасының басты арманы - ұлының болашақта музыкант ретінде қалыптасуы, сонымен қатар, бақытты адам болып қалуы.
"Әрине, мен оның бір күні үлкен сахналарда ойнап, мықты музыканттармен өнер көрсетіп, кәсіби шыңдарды бағындырғанын армандаймын. Бірақ ең бастысы өз ісін сүйіп, бақытты адам болса екен деймін", - деді Айгүл.
Оның айтуынша, бала жаңа материалды тез меңгереді және қиын тұстарды қажетінше қайталап жаттығуға дайын.
Ален Бақытжан Жантұрғановтың сыныбында бірінші сыныптан бері оқиды. Ұстазының айтуынша, бала басынан-ақ ерекшеленген.
"Ол әрбір жайтқа өте мұқият қарайтын, жаңа ақпаратты тез қабылдап, жұмысқа шын ниетімен берілетін. Әрине, бірнеше сабақтан кейін баланың көп жылдан кейін қандай музыкант болатынын дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ сол кездің өзінде оның табиғи дарыны, дамуға деген құштарлығы байқалатын", - дейді тәлімгер.
Ұстаз үшін Аленнің ноталарды дәл ойнап қана қоймай, музыканы терең түсінуі маңызды.
"Виолончельші тек нотаны дұрыс ойнап қана қоймауы керек. Ноталар негіз ғана. Аспаптан қандай дыбыс шығаратының, музыкалық фразаны қалай жүргізетінің, дыбысты қай жерде күшейтіп немесе бәсеңдететінің, шығарманың эмоциясын қалай жеткізетінің өте маңызды", - деп түсіндірді Жантұрғанов.
Алдағы екі жылда тәлімгер Аленді біртіндеп күрделі репертуармен және маңызды конкурстық бағдарламалармен таныстыруды жоспарлап отыр. Жақын арадағы міндеттердің бірі - Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен бірге жеке өнер көрсетуге дайындық.
Сондай-ақ, отбасы мамырда Клайпедада өтетін беделді Герингас конкурсына баруды жоспарлап отыр.
Бұл ретте педагогтің басты міндеті - техникалық тұрғыдан мықты музыкант дайындау ғана емес, Аленнің өзіндік стилін қалыптастыруына көмектесу.
"Менің басты мақсатым Аленді виолончельде жақсы ойнауға үйрету ғана емес. Өз бетінше ой түйіп, музыканы сезіне алатын және оны тыңдарманға жеткізе білетін әртіс тәрбиелегім келеді", - деді Бақытжан.
Ален қазір небәрі он жаста, оның кәсіби жолы енді ғана басталды. Бірақ қазірдің өзінде оның жанында отбасы, тәлімгерлері және уақыт өте келе үлкен сахнаға шығуына септігін тигізетін жаңа аспабы бар.
"Бірнеше жылдан кейін ол ірі халықаралық сахналарда сенімді өнер көрсетіп, өзін кәсіби солист ретінде сезінсе, бұл мен үшін бірлескен жұмысымыздың басты нәтижелерінің бірі болады", - деді Бақытжан.
Аленнің "Қазақстан Камератасымен" репетициясы. Сурет материал кейіпкерінен алынды