- Негізгі бет
- LifeStyle
- Баян Алагөзова
“Жаныма қатты батты“. Баян Мақсатқызы Бишімбаев ісіне қатысты жаңа жобаның құпиясын ашты
Белгілі қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында тағы бір туындыны жарыққа шығарды. Атышулы "Бишімбаев ісіне" ұқсас сценариймен түсірілген толықметражды "Жауап бер" фильмі халықтың назарын аударды. Продюсер неге Салтанат тағдырын таспалады? Massaget.kz тілшісі аталмыш фильмнің тұсаукесерінде бірнеше сұрақтың жауабын алды.
"Бұл менің ең үздік жобам"
Баян Мақсатқызы аталмыш фильмді өзінің ең үздік жобасы деп атады. Ол бұл жобасының тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы бұған дейін түсірген "Бақыт" фильмінен де асып түскенін айтты.
"Бұл менің осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарымның ішіндегі ең үздігі. Мен мұндай нәрсені ешқашан айтпағанмын. Десе де, осы жолы шынымен ағымнан жарылғым келіп тұр", - деді ол фильм жайлы.
Баян Мақсатқызының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны көпке белгілі. Осы тақырыпқа тағы бір жоба ұсынған продюсер өміріндегі ауыр ситуацияны қаншалықты жіберді?
"Мен бұған дейінгі көп сұхбаттарымда айтқанмын. Ол ситуацияны ұзақ уақыт бұрын толықтай жіберіп тастағанмын. Менің осы тақырыпты қайта қозғауым, менің жарамның жазылмай қалғанын білдірмейді. Мен тек қоғамға пайдам тисе екен, әйелдерге көмектесе алсам екен деймін", - деп жауап берді ол.
сурет: Massaget.kz
Сценарий неге атышулы іске қатты ұқсайды?
Баян Алагөзова тілшіміздің төтесінен қойған сұрағына жауап берді. Фильм сценарийі Бишімбаев сотынан алынғаны рас па?
"Бишімбаев ісі мен үшін триггер болды. Бұл мәселеге бейжай қараған ешкім болмаған да шығар. Бәлкім, сондықтан осы іске меңзегіміз келді. Негізінен мен өзіме тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3 жоба жасаймын деп уәде берген едім. Бұл менің осы тақырыпта ұсынып отырған екінші туындым. Алдағы уақытта тағы бір жобам жарық көріп қалар", - деп жауап берді ол.
сурет: Massaget.kz
"Әйелге қарсы күш қолдану - еркектің ең әлсіз тұсы"
Продюсер бұл туынды арқылы қалың көпшілікке не жеткізгісі келді? Оның сөзінше, осындай тақырыпты қозғайтын жобалар қоғамның санасына бір күні болмасын бір күні сөзсіз әсер етеді.
"Осы фильмнің көмегімен қоғамға ең қарапайым нәрселерді, ең қарапайым постулаттарды жеткізгім келеді. Біздің елде әйелдің құқығы ер адамдармен тең екенін жеткізгім келді. Сондықтан өзінің физиологиялық күшін қолданатын еркектерге - бұл жақсы қасиет емес екенін жеткізгім келді. Мен зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық, физикалық болсын, кез келген түріне қарсымын. Осындай кішкентай қадамдар арқылы бір күні қоғамға әйелге қарсы күш қолдану еркектің ең әлсіз тұсы екенін жеткіземіз. Яғни бұл оның әлсіз екенін көрсетеді", - деді Баян Мақсатқызы
Баян Алагөзова - қазақстандық продюсер, тележүргізуші, актриса. Ол 1993 жылы "Махаббат бекеті" фильмінде басты рөлді сомдап, кең танымалдыққа ие болды. Кейіннен Shine Production компаниясының басшысы, "КешYOU" тобы және басқа да қазақстандық музыкалық жобалардың продюсері болды. Осыдан 8 жыл бұрын Баян Алагөзова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Оны өзінің күйеуі Бақытбек Есентаев Алматы әуежайында пышақтап, соққыға жыққан болатын. Кейіннен өміріндегі ауыр оқиғадан кейін Баян Мақсатқызы беделді кәсіпкер Тұрсен Алагөзовпен отбасын құрды. Қазір Алагөзовтер отбасының Алма және Алиса есімді екі қызы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин