23 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ашық мәлімдеме жасады. Қоғамда оның Air Astana басшысы Питер Фостерге қарата айтқан "біз абориген емеспіз" деген сөзі қызу талқыға түсті. Аборигендер деген кімдер? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Абориген - бұл термин белгілі бір аумақта ежелден өмір сүріп келе жатқан байырғы халықтарды білдіреді. Басқаша айтқанда, аборигендер - сол жердің ең алғашқы тұрғындары, яғни сол аумақтың алғашқы қоныстанушыларының ұрпақтары.
Латын тілінде "aborigines" - "жергілікті", "бастапқыдан бері келе жатқан" дегенді білдіреді. Кейде "абориген" термині байырғы халықтарды басқа, кейін келген этникалық немесе мәдени топтардан ажырату үшін қолданылады.
"Аборигендер" сөзінің синониміне "жергілікті халық", "жергілікті тұрғындар" тіркесі жатады. Алайда қазір "аборигендер" термині барлық байырғы халықтарға емес, тек қоныс аударушылар басым халықтарға қолданылады. Мысалы:
Кейбір жерлерде "абориген" сөзі тек Аустралияның байырғы халықтарына қатысты қолданылады, бірақ жалпы мағынасында ол әлемнің кез келген аймағының байырғы тұрғындарын білдіреді.
Еске салайық, Үкімет отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге "шаңыраққа қараңыз" деп ескерту жасады. Депутатқа Фостердің күлгені ұнамады.
"Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап, майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. ...Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл - Парламент, осы жерде отырғандардың бәрі - халық сайлаған, халықтың өкілдері", - деп ашынды ол.
Халық әлеуметтік желіде депутаттың бұл мәлімдемесіне түрлі пікір жазған. Депутатты "популист" деп атағандар да табылған.
"Алдымен қазақтың өзі шаңырағын сыйлап алсыншы. Ауылдағы совхоздың жиналысына ұқсап кетеді кейде сіздердің отырыстарыңыз", "Біздің қазағымыз шетелдік парламентте осылай мысқылдап күлсе, жұмысын тоқтатып, депортация жасар еді", - деді олар әртүрлі пікір білдіріп.
Депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатындағы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
"Фостерге компаниясының кемшілігін айтамын деп енді арпылдаған, дарақы "мәдениетсіз депутат" болыппын. О, дүние-ай, қайтейін! Үндемей, түйеқұсқа ұқсап, құмға басымды тығып, "мәдениетті депутат" болғаннан гөрі, осындай "мәдениетсіз депутат" болғаным артық! Кейде ондайларға "қыртпай, менің орныма келіп отырып көріңдер" дегім келеді! Бірақ айтпаймын, одан сайын "мәдениетсіз" болып кетемін ғой!" - деп жазды ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!