Жаназадан кейін неге басқа үйге баруға болмайды?

Қазақтарда "жаназадан шыққан соң өзге үйге баруға болмайды" деген ырым бар. Бірақ бұл түсінік қайдан шыққан? Шариғат бойынша ұстануға негіз бар ма? Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан сұрады.

Имам Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, ырым марқұмды ақтық сапарға шығарып салу кезінде мәйітті жуындырғандарға ғана қатысты.

"Жаназадан шыққан адам қандай жағдайда басқа үйге бармайды? Қайтыс болған адамды жуындырған адамдар, жуып болысымен, бірден үйіне барып, өзі шомылуы керек. Ол сүннетпен бекітілген, медицинамен дараланған дүние. Неге? Адам көз жұмған кезде, мәйіттен белгілі бір заттар бөлінеді. Сондықтан мәйіт жуғаннан кейін бөтен үйге барған жақсы емес", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Сондықтан ол кез келген ырым-тыйымдардың кімге бағытталғанын ұғынып, дұрыс ұстану керегін алға тартты.

Этнограф не дейді?

Ал этнограф Болат Бопайұлы жаназадан кейін басқа үйге бармау - қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы тазалық пен құрметке негізделген ұстаным екенін айтады.

Оның сөзінше, бұл ырымның бірнеше себебі бар:

  • Рухани тазалық. Жаназа - өмір мен өлімнің шекарасы, қайғы мен рухани толғаныстың кезеңі. Жаназаға қатысқан адам рухани ауыртпалықты сезінеді, сондықтан басқа үйге барып, сол ауыр күйді тарату дұрыс емес деп есептелген. Бұл "жаман энергия" ұғымына ұқсас түсініктен туындаған.
  • Отбасыға құрмет. Марқұмның үйіне көңіл айту - басты міндет. Басқа үйге бару көңіл айту дәстүрін аяқсыз қалдыру немесе қайғыны бөлісуге немқұрайлылық таныту ретінде көрінуі мүмкін.
  • Тазалық. Ертеде кісі өлімі болған үйден келетін адамды "тазарту" үшін ерекше рәсімдер жасалған.

"Мысалы, үйге кірер алдында су бүрку немесе шырақ жағу арқылы жамандықтың таралуын тоқтату сенімі болған. Басқа үйге бару осы рәсімнің бұзылуына алып келеді деп сенген. Бұл тыйым халқымыздың рухани тереңдігін, адам өмірі мен өліміне деген құрметін көрсетеді", - деп түсіндірді Болат Бопайұлы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!