Жаңажылдық шиыршық: Кешті ерекше ұйымдастыруға арналған 5 идея

Егер жаңа жылдық кешті өзіңіз өткізуге шешім қабылдап, үйде туыстар мен достардың басын қосуға ниеттенген болсаңыз, бұл жазбаның сізге көмегі тиері анық. Мұндай жағдайда тек сәнді киініп кешке қатысу жеткіліксіз, өйткені, оны барлығының есінде қаларлықтай қызықты өткізу сіздің міндетіңіз. Оның үстіне Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылыңыз солай өтеді деген сенім бар екенін жақсы білеміз. Сондықтан, біз сізге әлем өнері тарихында ең қызықты кеш ретінде есте қалған шаралардың негізінде құрылған бірнеше нұсқа ұсынуды жөн көрдік.

Патша сарайындағы кеш

Еуропалық патшалар сарайындағыдай атмосфера жасауға көп нәрсенің қажеті жоқ. Оған майшамдардың мол қоры болса жеткілікті. Сонымен қатар, қазір сәнге айналған барқыт көйлектер киген қонақтар кештің шын мәнісінде патша сарайында өтіп жатқандай әсер тудырары анық. Ал, дастарханға бәліштің бірнеше түрін дайындаңыз. Жаңа жыл аяқ басқанда, скрипка әуенінің сүйемелімен шампан атып, құттықтауларға кезек беріңіз. Кештің қалған бөлігінде аталмыш стилистикадағы “Мария-Антуанетта” аталатын фильмнің саундтректеріне билесеңіз де болады. Бастысы, бенгаль шамдарын ұмытып кетпеңіз.

Сюрреалистік кеш

Сюрреалистік стиль экстравагантты кеш қалайтындарға таптырмас шешім. Әдетте, балмаскарадқа нендей киім ойлап табарын білмей дал болатын адамдар сюрреалистік кешке келерде қиялына әбден ерік берсе болады. Тіпті, Рене Магриттің картиналарындағыдай бұлтты аспаннан костюм жасап кисеңіз де өз хақыңыз немесе Сальвадор Далидің картиналарына зер салыңыз. Үстелді мүсіндермен әрлесеңіз құба-құп. Кешке арналған мәзірді де тек айна арқылы оқуға болатындай етіп кері жазыңыз да, ең батыл достарыңызды қонаққа шақырыңыз.

Арт-кеш

Мұндай кешке келген қонақтарды табалдырықтан бастап ерекше әсерге бөлеңіз. Мысалы, арнайы дресс-код енгізіңіз. Барлығы міндетті түрде өнер көрсетсін. Өйткені, аяқ асты жасалған дүние қызықты болады. Өнері көпшіліктің көңілінен шыққандарға айрықша сый тартыңыз.

Studio 54 

Аталмыш манхэттендік клуб өзінің қызықты кештерімен танымал болған. Ондағы киімдер — ең сәнді, ал музыка — нағыз биге арналған. Сондықтан, Studio 54 стиліндегі балмаскарад қонақтардың есінен ешқашан кетпейді. 

Бал 

Әрине, барлық арудың арманы — бал. Трумен Капотенің елу жыл бұрынғы кеші естен кетпестей болып өтті, алайда оны ұйымдастыруға бірнеше ай бойы тер төгілді. Балдағы бірінші міндет – нағыз аристократтарша киіну және маска. Бұл стилистика көпшіліктің көңілінен шығары анық.