Торонто университетінің ғалымдары "жалғызбасты ерлер еркіндіктен ләззат алады, ал әйелдер зардап шегеді" деген танымал пікірді жоққа шығарды. Social Psychological and Personality Science журналында жарияланған зерттеу нәтижелері бәрі керісінше екенін көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес жалғызбасты ер адамдар көбіне бақытсыздық сезімін бастан кешеді. Ал әйелдер керісінше өз өміріне разы болып, жалғыздықты мүлде сезінбейді. Бұл зерттеу қоғамдағы жалғыздыққа қатысты көзқарас өзгеруіне себеп болуы мүмкін.
Әйелдер әлеуметтік жағынан белсендірек, олар отбасы мен достарынан мықты қолдау көреді. Зерттеу мәліметінше, қоғам ерлерге қысым жасайды, олардан романтикалық қарым-қатынаста табысты болуды күтеді.
Зерттеуде "бақытты бойдақтық" түсінігі шындыққа сай келмейтіні, ер адамдар жалғыздықтан қорқатыны айтылады.
"Әйелдер романтикалық қарым-қатынасқа тәуелді емес, олар достықтан, мансаптан және хоббиден ләззат алады", - дейді зерттеу жетекшісі Элейн Хоан.
Зерттеу жалғыздыққа қатысты ескі көзқарасты жоққа шығарады. Нақты тәжірибеде әйелдер өздерін жұпсыз жайлы сезінсе, ер адамдар қарым-қатынас жоқтығынан көбірек зардап шегеді екен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!