iCloud, телефон, құндыз тон, алтын: ломбардтар халыққа тиімді ме?

iCloud, телефон, құндыз тон, алтын: ломбардтар халыққа тиімді ме?
Фото: golden-inform.ru

Қаражаттан қиналған кезде таныстар мен банктер көмектесе алмаса, ломбардқа жүгінетіндер көп. Себебі ломбардқа жүгіну әлдеқайда жеңіл. Бағалы затың болса, ақшасын қолма-қол аласың. Тіпті, iCloud арқылы мәліметіңізді беріп, несие алуға болады. Мұның заңдылығы мен тиімділігі туралы Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.

Ломбард заңды жұмыс істей ме?

Негізінен ломбард микроқаржы ұйымдарына кіреді. Заңгер Айсұлу Досымбаеваның айтуынша, ломбард затыңызды бүлдірген жағдайда, соттасуға құқылысыз.

"Кепілге зат бергенде, ломбардқа толықтай сипаттамасын берген дұрыс. Себебі әртүрлі жағдай болады. Ломбардтар заңға сәйкес жұмыс істемей, затыңызды бүлдіріп алды делік. Заңды түрде оны дәлелдей алу үшін арнайы сипаттамасы керек. Сол арқылы арыз жазып, соттаса аласыз. Сипаттамасын бермеген жағдайда, заңды түрде саналмауы мүмкін", - деді заңгер Айсұлу Досымбаева.

Фото: kartinka.net

 Фото: kartinkin.net

Оның айтуынша, ломбардтың жер телімі, пәтер, жер үйді қабылдауға құқығы жоқ. Тұрғындардан тек жылжитын мүліктер ғана алады. Сол арқылы жұмыс істейді.

"Заңсыз іс-әрекет немесе басқа жағдай болса, алдымен сол өзіңіз жүгінген қаржы ұйымымен шешу керек. Кепілге қойған мүлікті қайтару кезінде бәрі уақытылы, талап орындалған болса кепілді қайтаруға міндетті. Ал мерзімі өткен соң ломбард өз меншігіне алып, сатуға құқығы бар. Себебі ломбард шығынын осы кепілдегі затты сату арқылы жабады. Алайда клиент кепіл затын алмаған жағдайда қарым-қатынасын тоқтатуға құқығы бар", - деді заңгер.

 "Өз бағасынан бірнеше есе арзанға кетті"

35 жастағы Алматы тұрғыны Жұлдыз Тінәлиева ломбардқа көп жүгінетіндердің бірі. Ол алтын бұйымдарды өткізу жеңіл әрі қолайлы екенін айтты.

"Студент  кезімде бірнеше рет барғанмын. Бастапқыда майысып, бір сыңары жоғалған заттарымды өткіздім. Кейін ақшадан қиналып, сырға, сақина және ноутбугімді өткіздім. Кейбіреуін алдым, бірнеше затымды алмадым. Жағдай болмады. Үй алатын кезде күйеуімнің автокөлігін қойдық. Уақытын создырып, біраз жүргенімізбен, толық алатын соманы жинай алмадық. Сөйтіп, көлігімізді алып қойды. Шұғыл ақша керек кезде танысыңа немесе банкке жалынып жүрмейтініміз жақсы. Бірақ қайтаратын кезде қиналамыз. Жалпы, ломбардқа мұндай ірі көлемде кепіл зат беруге кеңес бермейтін едім. Себебі, біздің затымыздың бәрі де өз бағасынан бірнеше есе арзанға кетті. Қазір Құдайға шүкір, жағдайымыз бар. Ломбардқа тек сынған, майысқан алтындарды өткізу үшін ғана келемін", - деді Жұлдыз.

kartinkin.net

Фото: kartinkin.net 

Ал 19 жастағы Болат Орынтаев ломбардтан алданып қалған.

"Кішігірім бизнес бастағым келіп, телефонымды ломбардқа қойдым. Алайда, алатын кезде біраз қиналып, создырта бердім. Ата-анам ақша беріп, әрең дегенде алдым. Кейін iCloud қойдым. Яғни, телефонды ұстап жүре беремін. Бірақ өздері ломбардың iCloud-ын береді. Бастапқыда қуанып алғаныммен, тиімсіз екен. Одан да бір айға телефон тапсырған арзан болады екен. Мұны әбден тапсырып болғаннан соң ғана білдім. 15 күнге өте қымбатқа шықты. Сондықтан, "қораға" кіргілерің келмесе, ломбардқа жоламаған дұрыс", - деп айтар едім.

 Нақты құнының 70-80 пайызы ғана беріледі

Затты кепілге алған кезде бағалау нормасын әр ломбард өзінің ішкі нормативтік ережелеріне сай есептеп қояды. Бұл туралы ломбардтың бағалаушы кассирі Лаура Мұсатаева айтып берді.

"Ломбардтар бағалы заттың бірнеше түрін қабылдайды. Олар: зергерлік бұйымдар, алтындар, тұрмыстық техника, құндыз ішіктер, автокөлік. Әр ломбардтың ішкі прайсы болады. Ол нарықтық бағадан төмен болады. Бірақ заттың сапасына қарай баға береді. Тапсыратын кепіл заттың өзіндік ерекшелігі бар.Сондықтан оның құнын анықтау әртүрлі болады. Мысалы, алтынның бағасы күн сайын Лондон қор биржасында анықталады. Ломбардтар соған сүйенеді", - деді ол.

 Фото: kartinkin.net

 Оның айтуынша, бағаланған құнының 70-80 пайызы көлемінде ғана несие беріледі. Одан артық берілмейді. Себебі клиент оны қайтара алмаса,  сыйақы соның есебінен өтеледі.

"Тұрмыстық техника бірнеше өлшем бойынша бағаланады. Алдымен нарықтағы қолданылған бұйымның бағасы есептеледі. Сосын соған сай бұйымның жағдайы бағаланады. Ал ұялы телефон моделіне байланысты есептеледі. Неғұрлым ескі модель болса арзандай береді", - деді Лаура Мұсатаева.

 iCloud-ды ломбардқа қоюға болатыны рас па?

Енді ломбардқа зат өткізбей-ақ, аты-жөніңіз арқылы несие алуға болады. Алматыдағы ломбардтар желісінің бірінде жұмыс істейтін бағалаушы-кассирдің айтуынша, iPhone маркалы телефонына ломбардтың iCloud-ын орнатып, барлық мәліметтеріңізді қалдырып, несие алуға болады.

"Бірақ iPhone Х моделінен кейінгі шыққан жаңаларын қабылдаймыз. Мұның ұзақтығы – 15 күн. Бірақ телефонға жаңа қолданбалар орнатылмайды. Face ID, құпия сөз қойылмайды. Барлық мәліметтеріңіз ломбардта сақталады. Егер берілген уақыттан соң қайтармаса, iCloud кілттеніп қалады. Ал телефонды әрі қарай пайдалануға мүмкіндік болмайды, - деді бағалаушы кассир.

Фото: kartinkin.net

Оның айтуынша, кез келген кепілге алынған зат мерзімі өткен соң сатуға шығарылады. Бірақ бағасын ломбард өзі қояды. 

"Бұл ломбардқа қай жағынан да тиімді. Кепілге қойылған заттан әр күнге пайыз ұстайды немесе өз бағасынан жоғары сатып жібереді. Қай жағынан да ұтылмайтыны анық. Бұдан бөлек қымбат құндыз ішіктерді де кепілге қоюға болады", - деді Лаура Мұсатаева.

Еске салайық, ШҚО-да ломбард қызметкері 12,5 миллион теңге жымқырғаны туралы жарияланған болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз 

А. Жайыққызы