Голливуд жұлдызы, танымал актер Том Холланд қазақстандық видеограф, блогер Дастан Мұхамедрахымға алғыс айтып, сәлем жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ерекше видеоны Дастан Мұхамедрахым әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Сәлем, қалайсың, Дастан? Бұл - Том Холланд. Біріншіден, қолдағаның үшін рақмет! Жасап жатқан керемет дүниелерің үшін де рақмет. Шынымен барлығын бағалаймын. "Өрмекші адам" трейлерінің бір бөлігі болғаныңа рақмет!" - дейді видеода Голливуд жұлдызы.
Айта кетейік, жаңа "Өрмекші адам" трейлері ерекше форматта таныстырылды. Мұндай бастаманы актер Том Холландтың өзі көтерген. Трейлер бірнеше бөлікке бөлінген, әр қатысушы эксклюзив үзінді жариялап, кезекті келесі адамға береді.
Жобаға қазақстандық видеограф әрі тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым да қатысып, әлемдік трейлердің бір бөлігін көрсету мүмкіндігіне ие болған.
Еске салайық, бұған дейін Дастан Мұхамедрахым әлемнің үздік саяхатшы блогері атанды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!