Қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандық киножұлдыз, көпшілікке "Рэкетир" фильмі арқылы танылған актер Мұрат Бисембин сұхбат беріп, ауыр дертпен қалай күресіп жатқаны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актер, тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында химиотерапиядан неге бас тартқанын түсіндірді.
"Маған ұйқы безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылды. Қазір қатерлі дерттің екінші кезеңінде жүрмін. Төрт рет химиотерапия алдым. Жоспар бойынша сегіз химиотерапия алуым керек еді. Бірақ бас тарттым. Химиотерапия алып көрген адамдар жақсы біледі, өте қиын, ауыр ем түрі. Мен де қатты әлсіреп қалдым. Қазір емдеудің басқа түрін таңдадым. Халық емі емес, ол да медициналық емдеудің бір түрі. Ешкім менің өміріме кепіл бола алмайды. Германия мен Оңтүстік Корея дәрігерлері де емдеуге қарсы емес, бірақ кепілдік бермей отыр ғой. Мен оған бола көңіл күйімді түсірмедім. Тек позитив ойлағым келеді", - деді ол.
Мұрат Бисембин алғашында қатерлі дертке шалдыққанын жасырып, жария етпегенін мойындады. Оның себебін де айтты.
"Ауыр дертке шалдыққанымды әріптесім Саят халыққа жариялады. Оған дейін мен рұқсат етпей жүрген едім. Себебі бұл туралы анам білгенін қаламадым. Ол кісі сырқатымнан хабарсыз еді. Сосын Жан Байжанбаевпен хабарластық. Ол да маған жария етуді ұсынды. Жанға тек өз ортасындағы достарына айтуға рұқсат еттім. Достары жақсы көмектесті. Жалпы актерлер миллиондап ақша таппаймыз ғой. Ақан Сатаев пен Саятпен кездескенде мені ақыры көндірді. Саят "Өзің жариялағың келмесе, онда өзім жасаймын" деді. Қазір анам менің айығуымды тілеп жүр. Отбасым, жақындарымның барлығы қолдау көрсетіп жатыр. Желіде де көптеген адам маған жылы сөздерін айтып, қолдау береді", - деді өнер иесі.
Еске салайық, актер Мұрат Бисембиннің обыр ауруына шалдыққанын биыл қыркүйек айында актер Саят Исембаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз