Әлеуметтік желіде жастар арасында қалыңдықтықтың мәһр сұраған видеосы кең таралып жатыр. Бұл үрдіске қатысты дінтанушы әрі теолог Кеңшілік Тышқан пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дінтанушының айтуынша, мәһрдің сөзбе-сөз мағынасы - ақы. Діни термин ретінде неке қию кезінде қалыңдыққа берілетін немесе уәде етілетін қаржы немесе мүлікке қолданылады.
"Құранда: "Әйелдерге мәһрлерін ризашылықпен (жомарттықпен) беріңдер!" (Ниса сүресі, 4-аят) делінеді. Сондықтан да Ханафи мазхабы бойынша мәһр некенің нәтижесі саналады. Мәһрді қолма-қол неке кезінде берсе де болады, уәде етіліп кейін берсе де болады. Тіпті кейін ажырасқан жағдайдың өзінде неке кезінде уәде етілген мәһрді алу әйелдің ақысы саналады. Ал мәһрдің мөлшеріне келер болсақ, отбасын құрып жатқан жұбайлардың мүмкіндіктеріне, жергілікті әдет-ғұрыпты да назарға ала отырып бекітіледі. "Некенің ең қайырлысы - жеңілдікпен болғаны" (Әбу Дәуіт, Неке, 30) дегендей мүмкіндікке қарай берілгені, сұралғаны " , - деді Тышқан.
Ол мәһр саналуы үшін қандай да бір зат қана болуы шарт емес екенін айтады. Алайда оның құны Ханафи мазхабы бойынша 10 дирхамнан (күміс ақша, шамамен екі қойдың бағасы - еск.) кем болмауға тиіс.
"Жоғары шегі қойылмаған. Мәһр берілгеннен кейін ол толық әйелдің иелігіне өтеді. Қалай қолданамын десе де өзі біледі. Тіпті шариғат бойынша мәһрді алып үлгермей бір әйел қайтыс болатын болса, ол мұрагерлеріне берілуі керек. Ал халқымызда бұл үрдіс аздап басқаша көрініс тапқан ғой. Қалыңмал беріліп, қызға сырға салынып т.б. дәстүрлердің ішінде қолданыс тауып келген. Себебі ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған әйел төркініне қайта барса, сол жақ қамтамасыз еткен я болмаса күйеуі жағында әмеңгерлікпен қала берген. Жалпы мәһр шариғатта егер әйел адам жесір қалған жағдайда немесе ажырасқан жағдайда қайта отбасын құрып кеткенге дейін өзін асырай тұру философиясынан туындаған дүние ғой. Қазір көп әйел оған мұқтаж да емес. Өзі жұмыс істеп, өз-өзін асырауға шамасы келеді", - деді ол.
Теологтың сөзінше, кейде қалыңдық сұрағанның жөні осы деп отбасына салмақ салатын дүниелерді айтып жатады. Ол отбасы сыйластық пен түсіністік және сенімнен құрылатынын айтты.
"Материалдық құндылық тек сол сыйластыққа дәнекер ғана болуға тиіс, ал есепке құрылған отбасы ұзаққа бара қоймайды. Сондықтан мықты елдік, мықты отбасынан басталады", - деді Тышқан.
Жасұлан Ордабаев
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!