- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Халықтың берген үйіне...
"Халықтың берген үйіне неге ие болмайсың?" Блогер Ырысбала Икрамбай сыйлаған 71-баспананы иесі кепілге қойған
Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жандарға барлығы 86-баспана сыйлаған еді. Алайда биыл мамырда кілті табысталған 71-баспана кепілге қойылып, дау шығып отыр. Бұл туралы ол Желідегі парақшасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ырысбала Икрамбайдың айтуынша, баспана сыйлаған көпбалалы әйелдің інісі бизнес бастаймын деп, үйді банкке кепілге қойып, несие алған. Алынған ақшаға ГАЗель алған.
"Ашуланып тұрмын. Жақсылықтың қадірін білмейді екен, "бағамаламағанға бақ қонбайды" дейді ғой. Ол үйді иесі 28 миллион теңге деп қойған еді, біз қайырымдылыққа деген соң 26 миллион теңгеге түсті, сосын сіздің мұқтаж жанға қосқан үлесіңіз болсын деп 22 миллион теңгеге алғанбыз. Банк үйді 31 миллион теңгеге бағалаған, сөйтіп үйді кепілге қойып 12 миллион 478 мың теңге несие алған. Бауыры әпкесі бала-шағасымен қаңғырып жүрген кезде қайда болды? Неге көмектеспеді? Халық өз баласының аузынан жырып берген ақшаны жинап, үй алып, оның ішін толтырып бергенде, олар өз білгендерін істеп отыр", - деді Ырысбала.
Блогер олардың үйді ешкімнен ақылдаспай, сұрамай кепілге қойғанына ашулы. Мәселені шешу үшін ол 71-баспанаға барып көпбалалы анамен сөйлескен.
"Сізге, бауырыңызға не жетпей жатыр? Халық мына үйді кепілге қойып, ақшамен қалағанын істесін деп алып берді ме? Бала-шағаңыз үшін алып берді. Өздері пәтер жалдап жүрсе де, көпбалалы жесір әйелдің үйі болсын деп, ақша жинап, үй сатып алып берген халық ақымақ па сонда? Халықтың берген үйіне неге ие болмайсың?", - деді блогер баспана иесіне.
Сонымен қатар, ол үйді бергенде отбасыға ешқандай ауырпалық салмағанын айтты.
"Мен бұл уақытта дейін бірде-бір баспана сыйлаған отбасыға дауысымды көтеріп, дөрекі сөйлеген жоқпын, міндетсінген емеспін.
Мына үйді табыстаған кезде мен бір тиын алған жоқпын. Тіпті қалтасына салмақ салмайын деп, үйді ресми атына тіркеу үшін нотариустың төлеміне дейін өзім төледім. Баспананы табыстап кеткеннен кейін мен немесе менің бір адамым келіп мазаламадық, ешкім есігін келіп қаққан жоқ. Мынандай үй талай адамға арман", - дейді ол.
Ырысбала Икрамбай отбасы үйді кепілге қойып қана қоймай, ішіндегі мүлікті де ломбардқа өткізгенін жеткізді.
"Теледидарды мен өз қалтамнан ақша шығарып алып келгенмен. Сендер неге оны ломбардқа өткізесіңдер? Мына үйдегі кілемнің барлығын мен жарнама арқылы алып, төсегенмін. Анамның үйіне алмаған заттарды осы үйге алдым. Жақсылықтың қадірін білмей тұрсың, сені аяудың қажеті жоқ, көзіме көрінбей жоғал. Мына үйде сенің қандай затың бар, барлығын жина, үй керек болмаса, қоқысыңды жина да мына үйден шығып кет", - деп ашуланды блогер.
Ол халық болып ақшасын жинап, сыйлаған үйді банк тартып алады ма деп қорқатынын айтты.
"Інісі несиені 3-4 ай төлей алмаса, банк бұл үйді қуана тартып алады. Халық сол үшін алып берді ме? Халық кішкентай балалардың болашағын ойлады, ал туған анасы оны ойлап тұрған жоқ. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" деп, оның істеген бір қателігі халық арасына іріткі салып, жақсы ниетпен сауап жинасақ деген қаншама адамның ниетін қашырады", - дейді Ырысбала Икрамбай.
Ырысбала үйді кепілге қойған әйелдің інісіне несиені төлеп, үй құжаттарын қайтаруы үшін дүйсенбіге дейін уақыт берді.
"Дүйсенбі күні үйді кепілге қойып алынған несиенің ақшасы толық төленді деген қағаз алып келесің. Мен Шымкенттің барлық телеарна, заңгерімен келемін, барлығын заң бойынша шешеміз. Оған дейін мына үйді босатып қойыңдар", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ырысбала Икрамбай қайырымдылықтың ел білмейтін қиындығын бөліскен еді. Оның сөзінше, кезінде 77-пәтерді Ұзынағаштан сыйлаған. Енді сол үйдің иесі баспанасын сатып, Қаскелеңге көшкісі келетінін жеткізген.
Тағы да оқи отырыңыздар: Депрессияның белгілері қандай?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә