Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрегіне күрделі ота жасап, зақымданған жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай-ақ ауыстырды. Небәрі 45 минутқа созылған ота сәтті өтіп, ешқандай асқыну болмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Күрделі отаны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасады.
Науқасқа қолқа қақпақшасының айқын стенозы диагнозы қойылған. Бұл – жүрек қақпақшасы тарылып, қан айналымы бұзылатын ауру. Салдарынан жүрекке түсетін салмақ артып, ауыр жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Науқастың егде жасын ескерген дәрігерлер TAVI деп аталатын заманауи, ағзаға барынша аз зақым келтіретін әдісті қолданды. Бұл технология кеуде қуысын ашпай және жасанды қан айналымы аппаратына қоспай, сан тұсындағы қан тамыры арқылы жүрек қақпақшасын ауыстыруға мүмкіндік береді.
"Бүгінде біз жасы ұлғайған науқастарға да көмектесіп, олардың ғұмырын ұзартуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алдық. Бес жыл бұрын осындай отаны 94 жастағы, төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа сәтті жасаған едік. Енді 98 жастағы науқасқа ота жасадық", - деді институттың басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
Отаның оң нәтижесі бірден байқалған. Жаңа қақпақша толыққанды жұмыс істеп, қан айналымының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.
Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz